Аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауыл округіне қарасты бірқатар инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен жан-жақты танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жобалардың орындалу деңгейіне ерекше назар аударып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдымен аудан әкімі Береке ауылын ауызсумен қамту жүйесінің жұмысын көрді. Қазіргі таңда Береке ауылындағы 600 абонент ауызсуды Шұбар ауылындағы орталық су жүйесі арқылы тұтынып келген. Тұрғындарды сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында Шұбар ауылынан қосымша су ұңғымасы қазылып, жаңа инфрақұрылымдық желі іске қосылды. Нәтижесінде жалпы 1100 абонентке дейін ауызсу беру мүмкіндігі кеңейтілді.
Аталған жоба су қысымын теңестіру және су көздерін өзара біріктіру арқылы елді мекендерді үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, жүйе екі бағытта жұмыс істеуге бейімделген. Яғни бір су көзі уақытша техникалық себептермен тоқтаған жағдайда, екінші резервтік жүйе автоматты түрде іске қосылып, тұрғындарды ауызсусыз қалдырмауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымның тұрақтылығын арттырып, апатты жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі су жүйесінің сапалы әрі тұрақты жұмыс істеуі – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты ол салаға жауапты мекеме басшыларына ауызсу жүйесін тәулік бойы бақылауда ұстауды, техникалық қызмет көрсетуді уақытылы жүргізуді және кез келген ақаудың алдын алуды қатаң тапсырды. Әсіресе электр қуатының өшуіне байланысты су беру процесінің тоқтап қалуына жол бермеу қажеттігі баса айтылды.
Өз кезегінде жауапты бөлім басшысы нысан аумағына қосымша трансформатор орнатылып, электрмен қамту мәселесі күшейтілгенін жеткізді. Бұл шаралар су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мұнан соң аудан әкімі Шұбар ауылындағы ашық футбол алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жоба аясында спорт алаңы заманауи талаптарға сай абаттандырылып, жасыл желекпен көмкерілген қауіпсіз аймақ ретінде қалыптастырылуда. Сонымен қатар, алдағы уақытта аталған алаң жанынан балалар ойын алаңшасының құрылысы басталатыны жоспарланған. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар орталық көше бойында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу жұмыстары жүргізілуде. Ауыл ішіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында жарықтандыру жүйесін жаңарту және қосымша көше шамдарын орнату мәселесі де қарастырылуда. Ауыл әкімдігі ғимаратының айналасы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Жалпы, Шұбар ауыл округінде жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің инженерлік жүйесін жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Аудан басшысы барлық жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін атап өтіп, бұл бағыттағы бақылау тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.



