Түлкібас ауданы аумағында туризм саласын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында салынып жатқан “Saumal De Lux” туристік-сауықтыру кешені. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев аталған нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты және жобаның маңыздылығына тоқталды.
Аталған кешеннің негізгі ерекшелігі – саумалмен емдеу қызметін дамыту, жылқы туризмін өркендету және табиғи демалысты ұлттық дәстүрлермен ұштастыру. Мұнда келушілер тек демалып қана қоймай, қазақтың бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік алады. Атап айтқанда, ұлттық тағамдардың дайындалу үдерісін тамашалау, таба нан пісіру, қолдың майын жасау сияқты көнеден келе жатқан тұрмыстық дәстүрлерді көрсету жоспарланған. Бұл өз кезегінде этнотуризмді дамытуға және ішкі туризм ағынын арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда туристік кешен құрылысының 90 пайызы аяқталған. Жоба 2026–2027 жылдар аралығында үш кезең бойынша толық жүзеге асырылмақ. Инвестициялық бастама өңір экономикасына қосымша серпін беретін ірі жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Бірінші кезең: заманауи қонақ үй және коттедждер.
2026 жылы іске қосылатын алғашқы кезең аясында жалпы аумағы 1280 шаршы метр болатын заманауи қонақ үй пайдалануға беріледі. Қонақ үйде 14 стандартты бөлме және 2 VIP нөмір қарастырылған. Сонымен қатар, мейрамхана, 2 VIP кабинка, жазғы демалыс аймағы және әрқайсысы 160 шаршы метр болатын 3 жеке коттедж салынуда. Бұл нысандар келушілерге жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Екінші кезең: спорт және экотуризм аймақтары.
2026–2027 жылдары жүзеге асатын екінші кезеңде 1080 шаршы метрлік спорт кешені, ашық жазғы бассейн, 10 глемпинг және 5 киіз үй орналастыру жоспарланған. Сонымен қатар балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен екі аспалы көпір салу және тау бөктерімен өтетін 1,5 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолын жасау көзделіп отыр. Бұл жобалар кешенді туристік инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Жобаның бастапқы жоспарына сәйкес алғашқы кезең 2026 жылдың наурыз айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда инфрақұрылымдық және қаржыландыру мәселелеріне байланысты мерзім қайта қаралып, толық аяқтау 1 шілдеге жоспарланған.
Асқар Естібаев құрылыс барысымен танысу кезінде аудан әкімдігі тарапынан газ, электр желісі, жол және өзге де инженерлік инфрақұрылымдарды тарту бойынша жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырма берілді.
“Saumal De Lux” туристік-сауықтыру кешені толық іске қосылған жағдайда Түлкібас ауданы туризм саласына жаңа серпін беріп, өңір экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етпек.



