Жетісай ауданы аумағында ауыл шаруашылығы жерлерінің мелиоративтік жағдайын жақсарту, жер асты суларының деңгейін реттеу және егістік алқаптардың өнімділігін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған байланысты аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру және жаңа жүйелерді орнату жұмыстарының сапасына кезекті тексеру жүргізді.
Жұмыс сапары барысында жауапты сала мамандарымен бірге Ж.Ералиев ауылдық округі аумағындағы құрылыс алаңдары араланып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы егжей-тегжейлі зерделенді. Аудан басшысы ең алдымен құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігіне назар аударды. Сонымен қатар пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының сапасы, техникалық нормалардың сақталуы және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуы қатаң бақылауға алынды.
Бүгінде аталған ауылдық округте кеңестік кезеңнен қалған 39 тік дренажды жүйені қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба толық аяқталған жағдайда, округке қарасты 14 елді мекендегі жалпы 8042 гектар суармалы егістік жер мен 1383 гектар үйіргелік жердің мелиоративтік жағдайы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде. Мұндай нәтижелер ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және жердің тұздану, батпақтану сияқты мәселелерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы ауқымы республика деңгейіндегі ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болып саналады. 2023 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты ҚазСушар мекемесінің тапсырысымен, Ислам Даму Банкі қаржысы есебінен 210 дана тік дренажды ұңғыманы қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын. Жоба 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында толық аяқталуы жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Мақталы, Қызылқұм және Абай ауылдық округтерінде жалпы 97 дана дренаж жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл учаскелерде шамамен 16 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген. Аталған бағыттағы жұмыстарды «КиікбайСтройСервис» жауапкершілігіне алған. Ал Ералиев, Ынтымақ және Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы қосымша 20 мың гектар алқаптың жағдайын жақсарту «Арт-Құрылыс» мекемесіне жүктелген.
Аудан әкімі құрылыс сапасының әрбір кезеңін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, дренаж жүйелерінің тиімді әрі сапалы салынуы – өңірдің ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытудағы негізгі факторлардың бірі. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, сонымен қатар жер ресурстарын тиімді пайдалану мен фермерлердің табысын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды бастама.
Жауапты сала басшыларына мердігер мекемелермен жұмысты күшейту, техникалық талаптардың бұзылмауын бақылау және барлық нысандарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.



