Түлкібас ауданы аумағында өндірістік және индустриялық аймақтарды дамыту, кәсіпкерлік инфрақұрылымды кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік нысандарды аралап, атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Сапар барысында Майлыкент ауылдық округіндегі, Т.Рысқұлов ауылындағы, Тастұмсық және Балықты ауылдарындағы индустриалды аймақтардағы инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударылды. Аудан басшысы аталған аумақтарда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Майлыкент ауылындағы құрылыс алаңында инженерлік инфрақұрылым тарту мәселелері жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, жол салу, электр энергиясын жеткізу, газ және су жүйелерін тарту жұмыстарының қарқынын арттыру қажеттігі айтылды. Бұл жұмыстар өндірістік аймақтардың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін негізгі шарттардың бірі болып саналады.
Жалпы, Асқар Естібаев өндірістік аймақтарды дамыту жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, әр кезеңнің сапалы орындалуына ерекше мән беріп келеді. Аудан аумағында кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және экономикалық белсенділікті арттыру көзделіп отыр.
Сапар барысында Балықты ауылындағы индустриалды парк аумағына кіреберіс қақпаның (арка) орнатылғаны көрсетіліп, атқарылған жұмыс оң бағаланды. Бұл нысан өндірістік аймақтың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, оның мәртебесін айқындайтын маңызды инфрақұрылымдық элементтердің бірі болып табылады.
Тастұмсық ауылында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары да назардан тыс қалмады. Аудан әкімі инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдету, құрылыс сапасын арттыру және белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, мердігер мекемелердің жауапкершілігін күшейту мәселесі де көтерілді.
Округтерді аралау барысында Асқар Естібаев Түлкібас кентінде орналасқан ескі полигон аумағына арнайы барып, жүргізіліп жатқан рекультивация жұмыстарымен танысты. Аталған аумақты толықтай қоршау, санитарлық талаптарға сәйкестендіру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Аудан басшысы полигон аумағын берік қоршаумен қамтып, тұрғындардың заңсыз қоқыс тастауына жол бермеу үшін бақылауды күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты Түлкібас аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан тұрақты мониторинг жүргізу және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Жалпы, Түлкібас ауданы аумағында өндірістік аймақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және экологиялық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жалғасуда. Бұл бастамалар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.



