Арман Абдуллаев Сарыағаш ауданы аумағында тұрғындардың денсаулығын жақсарту және алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар елді мекендерде медициналық нысандардың құрылысы қарқын алды. Аудан басшысы Дархан, Бостандық, Ақжар және Дихан баба елді мекендеріндегі құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысымен танысты.
Нысандарды аралау барысында Арман Абдуллаев құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Ол ауыл тұрғындарына заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсету үшін ғимараттардың сапалы салынуы, инженерлік жүйелердің дұрыс жүргізілуі және медициналық құрал-жабдықтардың талапқа сай болуы маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінде аудан аумағында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық нысандардың құрылысы басты назарда. Сондықтан ауылдық округ әкімдері мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды сапалы жүргізуді, сондай-ақ қолданылатын құрал-жабдықтардың сапасына ерекше мән беруді тапсырамын, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Қазіргі таңда Көктерек ауылдық округіне қарасты Дархан елді мекенінде медициналық нысанның іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Бұл кезең – нысан құрылысының негізгі бастапқы бөлігі болып саналады. Ал Жартытөбе ауылдық округіндегі Бостандық елді мекені мен Ақжар ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттердің қабырғаларын қалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақын жерден алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Жібек жолы ауылдық округіндегі Дихан баба елді мекенінде медициналық нысанның жер қазу және іргетасқа дайындық жұмыстары қолға алынған. Мамандардың айтуынша, бұл кезең құрылыс сапасының негізін қалыптастыратын маңызды процесс болып табылады.
Аталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, белгіленген мерзімге сәйкес пайдалануға беру жоспарлануда. Медициналық нысандар толық аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары үшін дәрігерлік қызметтің қолжетімділігі артып, жедел медициналық көмек көрсету сапасы жақсарады.
Арман Абдуллаев аудан көлемінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – басты басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір ауылда заманауи медициналық пункттердің болуы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Жалпы, Сарыағаш ауданында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңа медициналық нысандардың салынуы өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартып, ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға зор үлес қосады.



