Арман Абдуллаев Сарыағаш ауданы аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс және абаттандыру жұмыстарының орындалу барысымен танысты. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, барлық жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жөндеу және көркейту жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстау міндеті жүктелді.
Аралау барысында алдымен Қазығұрт ауданымен шектесетін аумақта орналасқан ауданның кіреберіс қақпасы – төлқұжат нысанын жаңғырту жұмыстары қаралды. Бұл нысан ауданға кіреберістегі негізгі символдық объект ретінде туристік және эстетикалық маңызға ие. Қазіргі таңда мұнда іргетасын құю жұмыстары жүргізіліп, баспалдақ құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, сыртқы қаптау және әрлеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Жоба толық аяқталғаннан кейін кіреберіс аумақтың сәулеттік келбеті айтарлықтай жаңарып, ауданның көрікті бейнесін қалыптастыруға үлес қосады.
Сонымен қатар, Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласы арқылы өтетін республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолы бойындағы абаттандыру және көркейту жұмыстарын да бақылап, жоба эскизімен танысты. Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың көркін арттырып қана қоймай, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыруға және көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Бүгінде аталған жол бойында көгалдандыру, жарықтандыру жүйелерін орнату, тротуарларды жаңарту және сәндік элементтермен безендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін қаланың орталық бөлігінің сәулеттік келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптасады деп күтілуде.
Құрылыс-монтаж жұмыстары мердігер мекеме – BY Construction ЖШС тарапынан атқарылуда. Жобаның тапсырыс берушісі – Сарыағаш қаласы әкімінің аппараты. Мамандардың айтуынша, барлық жұмыстар бекітілген жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Арман Абдуллаев өңірдегі құрылыс және көркейту жобаларының басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ауданның сәулеттік келбетін жақсарту екенін атап өтті.
– Әрбір жоба ауданымыздың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан құрылыс жұмыстары сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Көркейту жұмыстары тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталуы қажет, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Жалпы, Сарыағаш ауданында инфрақұрылымдық және абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қаланың кіреберіс қақпасын жаңарту және А-15 жол бойын көркейту жобалары өңірдің сәулеттік дамуына жаңа серпін бермек.



