Еңбекші ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік жобалар кешенді түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылдың шілде айының соңына қарай аудан тұрғындарын сапалы ауыз су, электр қуаты, табиғи газ және көше жарықтандырумен толық қамту басты мақсаттардың бірі болып табылады.
Ауданда бүгінгі таңда 228 мыңнан астам адам тұрады. Осыған байланысты, тұрғындардың негізгі қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық жүйелер үздіксіз жаңартылып, кеңейтілу үстінде. Биыл Жастар көшесі мен Қазығұрт станциясы аумағында жаңа су жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүріп, ауыз сумен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізуге бағытталған маңызды шаралар атқарылуда. Электр инфрақұрылымын жаңарту шеңберінде трансформаторларды ауыстыру және электр желілерін жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Табиғи газбен қамту деңгейі қазіргі күні 92,4%-ды құрайды. Биылғы жылы бес елдімекенге газ тарту жұмыстары аяқталу сатысына жетті, бұл көрсеткішті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Газ жүйелерін жаңарту тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктерін тұрақты әрі қауіпсіз қамтамасыз етуге жол ашады.
Жол инфрақұрылымын дамыту да ауданның басым бағыттарының бірі болып қала береді. 2025 жылы 72 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, аяқ жолдар салу және көше жарықтандыру жүйесін кеңейту бойынша нақты шаралар қабылданып, іске асуда. Биыл тағы 367 көшеге жарық тарту көзделген.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қорғау мәселелері де ауданда ерекше назарда. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, рұқсатсыз төгілген тұрмыстық қалдықтарды жою және стихиялық қоқыс алаңдарын ретке келтіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар ауданның экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға септігін тигізеді.
Аудан аумағында жасыл аймақтарды кеңейту, ағаш отырғызу, гүлзарлар мен саябақтарды күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Бұл шаралар табиғи қорды сақтаумен қатар, қала көркін келтіруге де үлес қосуда. Сонымен бірге, тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары, сенбіліктер, түсіндіру акциялары, жастар мен еріктілердің қатысуымен ұйымдастырылатын кездесулер мен іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл шаралар тұрғындардың тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған.
Еңбекші ауданындағы осы кешенді жұмыстар – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, экологиялық сауатты қоғам қалыптастыруға, сондай-ақ заманауи, жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны дамытуға арналған жүйелі қадамдар болып табылады. Алдағы уақытта да аудан әкімдігі мен жергілікті қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерімен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.



