ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы Тіленшин және Момынов көшелеріндегі темір жол өткелдерінің құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында олар қала әкімдігі мен мердігер компания өкілдерінен жобаның іске асу кезеңдері туралы толық ақпарат алып, нысан сапасын бақылап шықты.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты автомобиль бөлімінің басшысы Нұрбол Лесовтің айтуынша, Момынов көшесіндегі темір жол өткелі — қала үшін стратегиялық маңызы бар нысан. Себебі бұл көше қаланың орталық бөлігін шығыс аймақпен байланыстырып тұрған көлік қозғалысының маңызды арнасы саналады. маны ақпараттың еңбекші ауданына қатысы бар ма
«Бұрын бұл жерде пойыздар өткен кезде кептелістер орын алатын. Аталған мәселені шешу мақсатында 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында темір жол өткелінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда тіреуіш темірбетон конструкциялар мен көпір балкалары орнатылып, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жоспар бойынша, нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр», – деді Нұрбол Лесов.
Жалпы жобаның құны – 7,3 миллиард теңге. Оның ішінде 2025 жылға жоспарланған 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Береке-А» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Нысанға жеті жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған. Жоба шеңберінде инженерлік желілерді ауыстыру, жергілікті инфрақұрылымды бейімдеу, құрылыс алаңын жабдықтау сынды кешенді жұмыстар атқарылуда.
Сенатор Нұрлан Бекназаров жобаның маңыздылығына тоқталып, осындай ірі инфрақұрылым нысандарының қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері зор екенін атап өтті.
«Темір жол өткелінің салынуы – қала тұрғындары үшін ғана емес, жалпы көлік қатынасы мен қауіпсіздігі үшін маңызды қадам. Көптеген жылдар бойы шешілмей келген бұл мәселе енді нақты іске асып отыр. Құрылыс сапасы, қаржыландыру, инженерлік желілерді көшіру – барлығы да әкімдік пен тиісті органдардың бақылауында. Жыл соңына дейін нысан толық пайдалануға берілсе, көлік кептелістері мен қауіпсіздік мәселелері айтарлықтай шешім табады», – деді сенатор.
Депутаттар сондай-ақ қаладағы жол құрылысына қатысты басқа да жобалармен танысты. Атап айтқанда, Дамбовая көшесіне дейін жеткізілген Қонаев даңғылының жалғасы, айналма жолдардың дамуы және республикалық маңызы бар жолдарға бөлінген қаржы көлемі туралы да ақпарат берілді. Көлік инфрақұрылымына байланысты жеке меншіктегі үйлер мен жер телімдерінің мәселесі, инженерлік желілерді көшіру, өтемақы төлеу сынды түйткілдер де рет-ретімен шешіліп келе жатқаны айтылды.
Сенаторлар Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажеттігін ескертіп, жобаның жүзеге асуын Сенат деңгейінде де назарда ұстайтынын жеткізді.



