Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімдігі тарапынан инженерлік инфрақұрылымдық жүйені дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, экожүйені қорғау мен сақтау, сондай-ақ аудан аумағын көріктендіру және абаттандыру бағытында бірқатар жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында аудан аумағында санитарлық-экологиялық ахуалды жақсартуға басымдық берілген. Тазалық сақтау, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын реттелген тәртіппен шығару, рұқсат етілмеген жерлерге қалдық тастау деректерін болдырмау бағытында күнделікті бақылау шаралары тұрақты негізде жүргізілуде. Бұл жұмыстар аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылы арқылы ұйымдастырылып, анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауапты тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылуда.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарына сәйкес, рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгу фактісі анықталған жағдайда, алдымен ескерту беріледі. Егер құқық бұзушылық қайталанса, заңмен белгіленген тәртіпте 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
Сонымен қатар, аудан аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл ретте әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында санитарлық тазалық, абаттандыру және экология саласындағы түсіндіру жұмыстарының ақпараттық сүйемелденуі қамтамасыз етілген.
Ауданда көгалдандыру, ағаш отырғызу, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды көбейту, қоғамдық орындарды абаттандыру бойынша да нақты шаралар қабылдануда. Әсіресе, тұрғындардың қатысуымен өткізілетін сенбіліктер мен экологиялық акциялар арқылы экожүйені жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқын алуда.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында су, газ, электр желілерін жаңарту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру сынды маңызды жобаларды іске асыруда. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымның барлық бағытында кешенді жұмыс жалғасады.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімдігі қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау, көріктендіру мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра отырып, тұрғындарды тазалықты сақтауға, қоғамдық ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады.



