«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Жиынға арнайы қатысқан «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев жаңадан тағайындалған кеңес төрағасы Ержаппар Берген және жаңа құрамдағы комиссия мүшелерін таныстырып, бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды. Кеңес отырысына қалалық филиал Атқарушы хатшысының орынбасары Бекайдар Тулегенов, кеңес мүшелері, партия қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайтын міндеттер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы қаралды. Сондай-ақ, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының 2023 жылы және 2024 жылдың 10 айында атқарған жұмысы туралы басқарма басшысының орынбасары Самат Мергеновтың есебі тыңдалды.
Самат Қалиоллаұлы өз баяндамасында қаладағы инфрақұрылым саласы бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
«Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 80 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, көреткіш 99-% құрайды. Кәріз жүйесімен 25 шағын аудан қамтамасыз етілсе, 56 шағын аудан қамтылмаған. 2024 жылы 2 магистралды кәріз коллекторының құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Табиғи газдың көрсеткіші 96% құрап отыр. Ағымдағы жылы Қайнарбұлақ 1 кезең, Бозарық 2 кезең нысандар бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, аталған елді мекендер толық табиғи газбен қамтамасыз етілді. 2025 жылы 17 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жарықтандыру жүйесімен қамту көрсеткішін 50%-ға жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Барлық елді-мекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған.», — деді басқарма басшысының орынбасары.
Кеңес мүшелері тарапынан баяндамашыға сауалдар қойылып, ұсыныс-тілектер айтылды. Жиын соңында хаттама түзіліп, іс-жоспар нақтыланды.