ҰСТАЗ БОЛУ ЖҮРЕКТІҢ БАТЫРЛЫҒЫ
Қарапайым ғана естілетін «ұстаз» сөзінің астарында орасан білім, махаббат пен сүйіспеншілік, таудай еңбек жатқанын байқай бермейміз. «Ұстаз болу жүректің батырылығы» – деп Абай атамыз мұғалімді батырға теңегені де жайдан-жай емес. Себебі бұл саланы меңгеру кез-келгеннің қолынан келе бермейді.
Шәкірт тәрбиелеп, оны биікке жетелеп, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Мектеп қабырғасына тарыдай болып кірген күннен бастап баланың еркелігін көтеретін де, дәріс бере отырып сүйіспеншілікке баурап, махаббатпен тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Тіпті алтын ұядан таудай болып түлеп ұшқан күнде де талабыңызға тілекші болып, жетістігіңізбен мақтанып отыратын тағы да ұстаз. Шымшаһардағы осынау мақтауға лайық дара тұлға, аяулы ұстаз Раушан Омарханқызы жайлы біреу білсе, біреу білмес. Ол бүгінде Шымкенттегі білім беру ұйымдарының олимпиадасын ұйымдастырып, дарынды оқушыларды анықтап, ғылым-білімге баулуды басты миссиясы еткен еңбекқор ұжымның басшысы. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаған «Дарын» ортадығының директоры Раушан Омарханқызымен сұхбаттасып, жемісті еңбегінің сыры жайында сұраған едік.
–Раушан Омарханқызы білім, ғылым сапасының артуына өз үлесіңізді қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқаныңызды көпшілік біледі. Дегенмен өзіңіздің еңбек жолыңыз жайында айтып өтсеңіз?
–Мен 1986-1993 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институты Алгебра және ықтималдықтар теориясы кафедрасының аға оқытушысы қызметінде еңбек еттім. 1993 жылдан бастап Алгебра, информатика және есептеу техникасы кафедрасының аға оқытушысы, Ақпараттандыру кафедрасының доцент міндетін атқарушы қызметтерін жоғары дәрежеде атқардым. Ал, 2009-2013 жылдары Ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық Институтында Сапа менеджменті жүйесі және аккредитациялау бөлім басшысы болып, университетте студенттерге кредиттік негіздерде білім беру жүйесін педагокикалық технология мәселелерін зерттеп, нақты оқу үдерісіне енгізу бойынша жұмыс атқардым. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Дарын» орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Үздік оқытушы» атағының иегерімін.
–Керемет! Студенттерді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жастарға жақсы жағдай жасау да сіздің басты бағдарыңыз екенін білеміз. Осы ретте Жүйелік әкімші мамандығын аштыңыз. Бұл салада қызмет атқара жүріп, педагогика ғылымның кандитаты, «Үздік ұстаз» атағының иегері, 70-тен аса еңбектің авторысыз. Дәл қазіргі басқарып отырған ұжымыңыздың қызметі жайында да айта өтсеңіз?
–Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министірлігі Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты «Дарын орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі дарынды балаларды анықтауға, ынталандыруға, қолдауға теориялық және практикалық біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік ашуда. Балалардың білімге деген қызыушылығын арттырып, Дарынды оқушыларға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, әр баланың бойынан жылт еткен жақсы қасиет көрсек, соны суыртпақтап шығарып, дамытуға күш саламыз. Бұл енді қазіргі ұғыммен айтсақ халықтық педагогиканың нақ өзі. Дарынды ұландарды дәмді де мәнді сөздерімңзбен, өрелі өнегемізбен қанаттандырып, жігерлендіру біздің парыз. Себебі «балам дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан табылады», – дегендей, ұстаздың ұстанымы осындай болуы керек. Ұжым қызметкерлерінен де балаға деген жанашырлық пен мейірімді бірінші талап етемін.
–Өз мамандығыңызға деген махаббат пен адалдықтың арқасында бірталай жетістіктерге жетіп келесіз. Жастарымызға жақсы маман болудың сырын айтсаңыз.
–Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы болады. Бірақ ол қиыншылықты жеңілдететін дүние бар. Ол – өз ісіңе деген сүйіспеншілік. Менің басты мақсатым бәйгеде оза шабар жүйіріктерді дайындап қана қоймай, адамдық пен адалдықты ту етуді үйрету. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім. Әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін ең бірінші тәлімін ұстаздан алады. Ал, ұстаздың міндеті шәкірттегі бар дарынды ашып, тұлға дайындау. Мамандық көп, бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелейтін ұлы ұстаз. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» – деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі бар екені сөзсіз. Сондықтан да мен жас мамандарды өз ісіне адал болуға, ең бастысы жұмысқа табыс көзі ретінде емес тұлға, ел тұтқасын ұстайтын мықты азамат дайындап жатқандығын қаперінде ұстаған жөн. Мен осы жасыма дейін еңбек жолымда бірнеше марапаттарға ие болдым. Бірақ мен үшін үлкен жетістік пен марапат – шәкірттерімнің жемісі мен жеңісі. Өз ісіңде жетістікке жетудің бар құпиясы – ісіңе жауапкершілікпен қарау деп білемін.
–Балалардың білімге деген қызыушылығын арттырып, дарынды оқушыларға әрқашан қолдау көрсетіп жүргеніңіз үшін алғысым шексіз. Отбасында аяулы жар, үлгілі анасыз. Қоғамға қосқан өлшеусіз үлесіңіз, сапалы қызметіңіз, кәсіпке деген адалдығыңыз көпке үлгі. Сұхбатыңызға рахмет айта отырып, жұмысыңызға сәттілік пен табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Г. Қалмырзақызы
Шымкент