Зияткерлік бәйгелер азаматтардың ой-өрісін шыңдап, білімге деген талпынысын арттыра түседі. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен өңірдегі әр ауданда өтіп жатқан «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды сайысы Сауран ауданында жалғасын тапты.
Байқауды ұйымдастырушы — партияның Сауран аудандық филиалы. Білім бәйгесіне қазылық етуші партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Асылбеков Сағынбек, Сауран аудандық мәслихаттың хатшысы Күнпейсов Мейрамбек, Шорнақ БПҰ төрағасы Сүлейменов Баймахан және партия белсенділері Раматуллаев Арыслан, Мұсабеков Бағлан қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Мұндай ой бәйгесінің аудандарда өтіп жатқаны қуантып отыр. Өйткені ауыл-аймақта зерек азаматтарымыз көп. Олар өздерінің біліктілігін кей кезде көрсете алмай жатады. Мұндай сайыстар белсенділікті арттыруға, білім мен ғылымға деген құштарлығын оятуға ықпал етеді. «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны жас талғамайтындығымен де ерекшеленеді. Осындай зияткерлік ойындарын жиі өткізіп, мейлінше қолдағанымыз дұрыс,-дейді С.Асылбеков.
Зияткерлік додаға аудандағы білімді де білікті жандардан құралған 13 команда қатысты. Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Қатысушыларға аудан тарихы, өнер саласы, партиялық жобалар мен түрлі тақырыптар төңірегінде сауалдар қойылды. Интеллектуалды сайыстың қорытындысы негізінде «Шамшырақ», «Зерде», «Жасын», «Қарашық», «Зияткер»,Жаңа Иқан, Әділет,»БАҚ»,»Шекербұлақ»,»Жұмабек Ташенов» ұжымдары белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Ал, аудандық Жібек Жолы БПҰ-нан құралған «Атажұрт» командасы 3-орынды иеленсе, «Шаға» бастауыш партия ұйымының «Сұңқар» құрамасы 2-орынға қол жеткізді. Тартысқа толы сайыста аудандық жастар ресурстық орталығынан құралған «Эверест» командасы жеңімпаз атанып, облыстық додаға жолдама алды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.