Күні кеше қазақ жұртшылығы Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұтпен қоштасты. Дара тұлғаны соңғы сапарға шығарып салуға көңілін білдіру үшін арнайы Астанадан және түрлі өңірлерден арнайы делегациялар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, замандастары, жастар мен ағайын-туыстары жиналды.
Қаралы жиында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, досы, замандасы, белгілі жазушы, Жамбыл облысынан келген Елен Әлімжан және ақын, Халықаралық «Алаш», Симонов атындағы сыйлықтардың иегері Нармахан Бегалыұлы сөз сөйледі. Қаламгердің қазасына тек Түркістан өңірі ғана емес, қазақ жұртшылығы, күллі Түркі әлемінің қауымы қайғырып отыр. Қоштасу жиынына келе алмаған бірқатар азаматтардың атынан толассыз көңіл айту жеделхаттары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, комитет төрағасы мен Қазақстан журналистер одағы Басқарма төрағасы көңіл айту хаттары келді.
Мархабат Байғұттың артында ұрпақтары, өзі өзгеше беріліп сүйген Пістелі жері, бүкіл Қазақ елі, тындырған істері, ізгі іздері, терең тағылымды туындылары қалды. Жер бетінде қазақтың тілі барда оның есімі дәуірден-дәуірге көше береді.
Түлкібастың Пістелісінде өмірге келіп, күллі қазақтың сүйікті перзентіне айналған Мархабат Байғұт 77 жыл ғұмырында нағыз көркем мінездің, әдеби тұлғаның, қайраткер азаматтың қайталанбас үлгісін көрсетті. Әдебиетке сіңірген өлшеусіз еңбегі, қоғамның қажеттілігі жолындағы қалтқысыз қызметтері еленіп, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерін иеленді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы, халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды.
Түлкібас ауданы, Азаттық ауылындағы зиратқа марқұмның денесі қойылды. Мархабат Байғұттың жеті күндік асын Түркістан облысының әкімдігі 3 желтоқсан күні сағат 13.00-де Шымкент қаласындағы «Шымкент Холл» салтанат сарайында өткізеді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі