Бүгін Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен аудан аумағындағы білім беру мекемелерінің басшылары, мешіт имамдарының қатысуымен террористік тұрғыдан осал объектілердің ланкестіктен қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды түсіндіру мақсатында арнайы бекітілген кестеге сәйкес жиын болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Әшірбай Тасовтың төрағалығымен өткен семинар-мәжіліске Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел уәкілі Олжабек Еламан Дүйсенбекұлы, Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының уәкілі Жақсылық Алмас Әбдіманапұлы, Түркістан облысының Полиция департаментінің жедел уәкілдері Назарбаев Өсербай Көшербаевич және Тәнірбергенов Мақсат Ордабайұлы, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева мен ауданның бас имамы Жорабай Дулатбаев қатысты.
Арнайы мамандар қатысқан жиында қоғамды радикалды, теріс пиғылды діни секталар мен миссионерлерден сақтандыру, олармен күресу жолдары, олардың киім киюі, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқындағы ерекшеліктері, терроризмнің мақсаты мен салдары, қоғамға келтіретін зардаптары кеңінен айтылып, әрбір мекемені надандыққа, көрсоқырлыққа бейімделген көзқарасты қылмыскерлерден сақтау жолдары сөз болды. Сақтық шараларын жүргізу барысында әлеуметтік нысандарға қойылатын талаптар мен заңнамаларға енгізілген өзгертулер кеңінен түсіндіріліп, қойылған сұрақтарға жұмысшы топ өкілдері тарапынан жауаптар берілді. Ұсыныс-пікірлер талқыланды.
«Терроризмнің мақсаты – мемлекеттердің, халықтардың рационалды түрде ойлауларына, бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрулеріне кедергі жасау. Терроризм – ұйымдасқан топ діттеген мақсатына жету үшін дүрсін-дүрсін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс. Терроризмнің ең қауіпті түрі – діни терроризм қаупі төніп тұр. Себебі, біздің мемлекетімізде дінге шек қойылмаған, яғни, кез-келген адам өзі қай дінге сенгісі келсе соған сенуге құқылы. Қазіргі таңда бірнеше мемлекетте заңсыз діни ұйымдар белсенді әрекет етуде. Қазақстанда да соңғы кезде түрлі діни ағымдардың саны өсіп келеді. Бүгінгі жиынымыздың да басты мақсаты – осал объектілердің лаңкестіктен қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды түсіндіру» дейді аудан әкімінің орынбасары Әшірбай Тасов.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі