Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облыстық департаментінің бастамасымен жер-жерлерде адалдық, парасаттылық, мемлекеттік қызмет саласындағы оңтайландырулар мен заңбұзушылықтардың алдын алу, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, мәдениетті қалыптастыру мәселелері жайында түрлі деңгейлерде кездесулер өткізілуде.
Сондай кездесулердің бірі Жетісай ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында өтті. Аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков жүргізіп отырған жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов қатысып, агенттікпен әзірленген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасында көрсетілген бірқатар бөлім басшыларының есебін тыңдады.
Нақтырақ айтар болсақ, сыбайлас жемқорлыққа бейім салалар қатарындағы білім, медицина, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, құрылыс және инфрақұрылым, тұрғын үй қатынастарының проблемалық мәселелерін сөз етіп, шешілу жолдарын талқылады.
Сонымен қатар, кездесу барысында Ержан Әліұлы елдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен заңнамалық актілеріне, жемқорлық белгілері болып табылатын жағдаяттарға, мемлекеттік қызметкердің этикасы мен қатаң сақтауы тиіс ережелерге, талаптарға тоқталды. Қызметтік бабын асыра пайдаланып, жеке бас пайдасының табысын арттыруға жасалған қылмыстардың салдарымен, заңда белгіленген жауапкершіліктермен таныстырылды. Қандай да бір заңсыздықтарға жол берілген жағдайда қолданылатын жазаның да қатаң екендігін ескертті.
Еркін форматта өткен жиын барысында қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Мемлекеттік қызметшілерді елдегі сыбайлас жемқорлықпен бірігіп күресуге шақырды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі