Абай облысы, Үржар ауданында құсбегіліктен Әлем чемпионаты өтті. Оған 6 мемлекеттен, 70-ке тарта саятшы қатысты. Әлемдік додада еліміздің мерейін үстем еткен жерлестермен Түркістан облысының ұлттық спорт жанашырлары спортшыларымен кездесіп, оларға құрмет көрсетті.
Соңғы уақытта халқымыздың ұлттық спорт түрлері дүниежүзі бойынша қарқынды дамып келеді. Әсіресе, Еуропа елдері мен Америка құрама штаттарында да ұлтымыздың ұлылығын көрсететін көкпар, жамбы ату және құсбегілік өнері қарыштап өркендеуде. Мамандардың айтуынша, әлемде құсбелгілік ақсүйектердің сүйікті спорты саналады. Осы өнерді жанына серік еткен түркістандық Сейдулла Пан жастар арасында бұл спорттың салтанат құрғанын жақсылыққа балайды.
Басқосуда Түркістан облысының көкпар федерациясының вице-президенті Бауыржан Мұсабеков жүлдегер саңлақтарға қаржылай қолдау көрсетті. Ал, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры, жастардың жанашыры Ғани Ахметбаев Әлем және Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, ірі жеңістерге жету үшін аянбай еңбектене беру керек екендігін айтты.
Болашақта да бағдарлы жол бар екенін жеткізіп, еліміздің намысы үшін тер төгіп келе жатқан азаматтарға алғыстарын айтты. Айталық, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында құсбелгіліктен жастар арасында өткен ел чемпионатында Түркістан облысының таланты Махамбет Намазбай жеңімпаз атанса, Қызылорда қаласында биыл ересектер арасында аяқталған кезекті Қазақстан чемпионатында түркістандықтар Сейдулла Пан алтын медаль, ал Ибрагим Базарбаев қола жүлде иеленді. Қазір жергілікті жастар арасында ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артқанын білікті бапкер Жомарт Кеуенов жақсылыққа балап отыр.
Сонымен қатар, жеңімпаздар бас қосқан жиында түрлі сайыстарда топ жарған атақты құсбегішілер Дидарбек Аршабай мен Төлемырза Паң, Ерлан Сандыбай мен Бағдат Кеуенов та марапаттан шет қалмады. Осылайша, қасиетті де қастерлі ұлттық спортты жаңғыртып, жаңартып келе жатқан түркістандықтар тамаша көңіл-күймен тарқасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі