Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы аясында Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Аудан әкімдіктері тарапынан жөндеуден өтіп жатқан аудандық маңызы бар жолдар мен елдімекен көшелерін қоспағанда жалпы ұзындығы 70 шақырым республикалық, 59,4 шақырым облыстық маңызы бар жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтуде.
Оның ішінде, Жетісай ауданында 11,5 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-117 «Сырабат-Үтіртөбе-Көктөбе» бағытындағы автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтіп, жыл соңында толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ағымдағы жылы мамыр айының екінші жартысында ұзындығы 19,9 шақырымдық облыстық маңызы бар КХ-86 «Жетісай-Мақталы» бағытындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары басталатын болады. Нысанның жөндеу жұмыстары 2021 жылға өтпелі.
Қазіргі таңда, Мақтаарал ауданы аумағында ұзындығы 16,4 шақырымдық облыстық маңызы бар КХ-78 «Атакент-Кеңесшіл-Есентаев» пен 6,9 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-164 «Үлгілі-Таубай ата» автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап облыстық маңызы бар КХ-80 «Ынталы-Фирдоуси» автомобиль жолының 4,7 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталады. Жыл соңына дейін «Үлгілі-Таубай ата» және «Ынталы-Фирдоуси» автомобиль жолдарында жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі