Шымкентте су жаңа жатақхананың құрылысы аяқталып, шәкірттерге айқара есік ашты. 290 орынға лайықталған заманауи студенттер үйі академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетіне тиесілі. Салтанатты шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұхан қатысып, университет басшылығына құтты болсын айтты.
-Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентте 121 мыңнан астам студент білім алады. Демек, шаһардың орта есеппен әр оныншы тұрғыны шәкірт саналады. Осылайша үшінші мегаполисті біз жастардың қаласы, студенттер қаласы дей аламыз. Арман қуып, қалаға келген, білімін жетілдіруді көздеген студенттер үшін мұндай студенттер үйі – таптырмас орын. Жастардың қоғаммен әлеуметтік байланысын нығайтып, тұлға
ретінде дамитын, жетілетін орын да осы жатақхана. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкентті жатақханамен қамтамасыз етудің кешенді жоспары қабылданып, жүзеге асырылуда. Студенттер үйін салатын кәсіпкерлерге, оқу орындарына жұмсалған шығынды қайтарудың қаржылық тетіктері бекітілген. Ендеше, осындай жаңа жатақханалар көбейе берсін! Студенттер үйі шәкірттер үшін құтты мекен болсын! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұхан өз сөзінде.
Білім қуған жастарды жатақханамен қамту — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Межелі міндетті орындау мақсатында Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университеті өзгелерге үлгі болатын іс көрсетті. Сәні мен салтанаты келіскен 6 қабатты ғимаратты құдды бір жатақхана емес, бес жұлдызды қонақүй дерсің…
Сыйымдылығы 290 орындық студенттер үйінде тіршілікке қажеттінің бәрі бар. Жатақхананың жалпы көлемі 10 мың шаршы метрден асады. 81 жатын бөлменің әрқайсысы екі орынға лайықталған. Жоғарғы қабаттарға лифтпен көтеріледі. 50 орындық асхана, 2 жаттығу залы, кітапхана, спорттық алаң, медициналық бекеті тағы бар. Студенттер үйінде мүмкінгдігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасалған.
Бүгінде университетте 15 мыңнан астам шәкірт білім алып жүр. Енді жатын орынға мұқтаждар үшін мәселе шешілді деуге болады. Айту керек, ғимаратта студенттер үшін тегін ВАЙ-Фай, қолжетімді интернет ресурстармен қамтылған. Қауіпсіздік үшін бейнеқондырғылар да қойылған.
Жалпы Шымшаһарда 8 жоғары оқу орны бар. Онда 85 мыңнан астам студент оқиды. Тағы бір ескеретін жайт: студенттер үйіне өзге оқу орнының шәкірттері де ақысын төлеп, жайғасуға болады. Су жаңа жатақхана білім ордасының беделін биіктете түсті. Өйткені бұл университет студенттерін жатақханамен қамтитын жалғыз жекеменшік оқу ордасы. Салтанатты шараға қатысқан қонақтар заманауи нысанға жоғары баға беріп тарқасты.
Г. Қалмырзақызы