Тоғыз жол торабы немесе Орта Азия қақпасы аталған Арыс қаласы бүгінде, ел экономикасына өз үлесін қосып келе жатқан түрлі бағыттағы өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салалары бойынша әлеуеті дамыған құтты мекен.
Қаланың өткен тарихына көз жүгіртетін болсақ, Арыс өңірі ертеде «Қазақ қырған», ал Арыс өзені «Үржі» деп аталыпты деген деректер бар.
«Арыс» ұғымы мен атауының ерте замандардан бері қарай ру мен жер, су атауларын құрап келгені аңғартады. Қаланың алып жатқан орнының өзі де тоғыз жолдың торабына ыңғайласып жатыр. «Ұлы Жібек жолының» осы өңірден өтуі де бекер емес. 1905 жылы теміржол құрылысы басталып, 1907 жылы Арыс станциясы салынған. 1928 жылы 17 қаңтарында Арыс ауданы құрылды. 1950 жылы қала мәртебесі беріліп, ол қазір Түркістан облысындағы Ресей мен Орта Азия, Қазақстан, Батыс Сібір аймақтарын жалғастырып жатыр.
Темір жол саласы – Қазақстан экономикасының күре тамыры. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының тұрмысына шойын жол шаруашылығының енуі мен дамуы біздің ұлтымыз үшін айтулы оқиға болды. Ал, тұтас бір дәуірдің жаңғырығына айналған «Түрксіб» темір жолын салуда Арыс қаласының маңызы зор еді. Осы жолда біздің ата-бабаларымыз талмай тер төгіп, аянбай еңбек етті.Біз, бүгін қазақ елінің өсіп-өркендеуі мен темір жол саласын дамытудағы оң адал маңдай тердің өтеуі, Арыстық теміржолшылардың ерен еңбегіне басымызды иуіміз керек. Осындай құндылықтарды дәріптеу арқылы
біз ұрпақтар сабастығын сақтап, қазақстандық теміржолшылардың ерен еңбегін кейінгі буынға үлгі ету парызымыз.
Арысқа барған кезекті іс сапарымда осындай, егеменді елімізде теміржол көлігі саласының дамуына елеулі үлестерін қосқан аға буындар өкілдерімен көше бойында сұхбаттасудың сәті туды. Сұхбат барысында Шағыр елді мекенінің тумалары, теміржол саласында 30 жылдан астам еңбек еткен ардагер ағалар Қазыбек Әуелбек Уәзірханұлы және Жүнісбаев Сейілхан Садырбайұлы ерен еңбектерімен елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ел ағалары екендігіне көзім жетті. Бүгінгі күнде, зейнеттегі теміржолшылар бірі(С.Жүнісбаев) теміржол саласында электр-монтер маманы болса, бірі(Ә.Қазыбек) Арыс теміржол белгі беру станциясында электромеханик болып жұмыс атқарған. Саналы ғұмырында
шойын жолдың шебер маманы атанған Жүнісбаев Сейілхан ағамыз 1984 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі орденімен» (серия-1522845) марапатталған.
Бұл сол кездегі дүркіреп тұрған КСРО-ның теміржолшыға деген құрметі деп-түсінуіміз керек шығар. Сонымен қатар, сұхбат барысында ел ағаларының техникалық саланы дамыту еліміздің дамуының беріктігін қамтамасыз етеді дегені, көреген кісілердің болашаққа алаңдаушылығын аңғартса керек. Осы жерде айта кететін болсам, еліміздің техникалық мамандықтарды дамытып, білікті маман оқытуда Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті де осы бағытта бірқатар техникалық
мамандықтар даярлап жатқанындығын тілге тиек еттім. Өйткені, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында да, еліміздің экономикасының дамуына техникалық мамандықтар даярлау үлкен серпіліс беретіндігін айтып кеткен болатын.
Бүгінде, нағыз майталман маман иелерінің өнегелі өмірі мен еңбек жолдары, осы мамандықты таңдап қызмет атқарып келе жатқан жастарға үлгі болары хақ.
Қорыта келе, тәрбие мен тағылымы, білімі мен біліктілігі мол ел ағаларының Арыс өңірінің шойын жолының қарыштап дамуына қосқан еңбегі өлешеусіз.
Рабиға Қуатбекова,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,
Академик, Ә. Қуатбеков атындағы ХДУ ректоры