Былтыр 12 млн теңгеге акт залы мен интернат жабыны жөнделген
Солтүстік Қазақстан облысында былтыр ғана жөнделген ауыл мектебінде акт залының төбесі опырылып түсті. Жабынды жаңалауға бюджеттен 12 млн теңге бөлінген болатын. Білім ошағында кабинет жетпегендіктен оқушылар төбесі құлаған акт залында білім алып келген. Міндетін тиісті деңгейде орындамаған мердігер мен шала-шарпы жұмысты қабылдаған Аққайың аудандық білім бөлімі басшылығының салғырттығы адам өліміне әкеле жаздады, деп хабарлайды.
Тоқшын мектеп гимназиясы 1965 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Өткен жылы бюджеттен қаржы бөлініп, 12 млн теңгеге акт залы мен интернат жабыны жаңаланған. Аққайың аудандық білім бөлімі жұмысты қабылдап, тиісті құжаттарға қол қойған. Бір жылға жетпей жөнделген төбе опырылып түсті. Құлаған аумақ шамамен 140 шаршы метрді құрайды.
«Өткен жылы акт залының төбесі жөнделген. Бірақ биыл көктемде қайтадан су ақты. Кеше кешке төбе опырылып құлады. Сол сәтте ғимаратта ешкім болмаған. Жапа шеккендер жоқ. Тәуелсіз сараптама шақыртылды. Ендігі қабылданатын шешім соның қорытындысына байланысты. Биыл мамыр айында мектептің шатырын толықтай ауыстыру жоспарланған болатын. Жобалық-сметалық құжаттар дайын. Бюджеттен 144 млн теңге бөлінді. Алайда акт залының төбесі ол күнге жетпей қалды. Қазір балалар қашықтан білім алып жатыр», — дейді Аққайың аудандық білім бөлімінің жетекшісі Рүстем Исин.
Аудандық білім бөлімінің жетекшісі мен балалардың сөзі қабыспады. Тоқшын мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Сергей Андреевтің (ата-анасының өтініші бойынша баланың аты-жөні өзгертіліп алынды) айтуынша сабақ мүлде болып жатқан жоқ.
«Кеше төбе құлағанда аурухананың жанында келе жаттым. Гүрс ете қалған дауыс ауылдың екінші шетіне естілді. Бүгін сол себепті сабақ болған жоқ. Мұғалімдер тапсырма жіберді. Біз соны орындаймыз. Бізде онлайн сабақ болған жоқ», — дейді Сергей Андреев.
Мектепте 265 бала бар. Апат кезінде акт залында ешкім болмаған.
ҒИМАРАТ ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТТЕ ҮЙІНДІГЕ АЙНАЛДЫ
Мектепке жапсарлас орналасқан акт залы қас-қағым сәтте үйіндіге айналды. Апат кезінде нысанда ешкім болмаған. Ғимаратта кабинет саны жетпегендіктен 6-сынып оқушылары акт залында оқып келген.
Биыл жазда мектептің төбесін жаңалау жоспарланған. Күрделі жөндеуге қазынадан 144 млн теңге бөлінді. Енді жобалық-сметалақ құжаттар қайта қарауды талап етеді. Ал апат себебін арнайы комиссия анықтайды. Тиісті сараптама тағайындалды.