Түркістан облысының диқандары енді еккен өнімдерін алыс жаққа саудалап, әлекке түспейтін болды. Ерте көктемде піскен көкөністерді еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары сатып алмақ. Қазірдің өзінде Сарыағаш ауданының шаруалары он облыспен келісім шартқа тұрып, қырыққабаттарды жеткізіп беруге уағдаласқан.
Ынтымақ ауылында тұратын шаруа Қайрат Жаппаров жыл сайын 70-тен 100 тоннаға дейін қырыққабат жинайды. Оншақты күнде алғашқы өнімді саудалай бастайды. Ал, одан кейінгісін маусым айында сатылымға шығарады. Жылда өнімді өткізе алмай қиналатын, биыл сатып алушылар алдын-ала белгілі болған.
Қайрат Жаппаров, шаруа:
Қазірдің өзінде 7-8 облыспен тұрдық. Мың тоннаға жақын өнімге келісім-шарттар жасалды. Олармен май айында, июнь айларында жеткізіп беруге келістік. Сондықтан көптеген шаруаларымыз осындай келісім шартқа тұрып жатыр. Бір жағынан ол кезде баға қандай болып кететінін ешкім білмейді.
Сарыағаш ауданында бүгінде үш мыңға тарта шаруа көкөніс өсіреді. Олардың басым көпшілігі ерте көктемде қырыққабат егуге ден қойған Ал, базбірі жылыжайларда үш рет өнім жинап алады. Бұған дейін ішкі нарықпен қоса, Ресейге өнім жөнелтіп келген диқандар енді жаппай солтүстік өңірлерімен келісімге тұрып жатыр. Әзірге қырыққабаттың келісін 140 теңгеден саудалауға келіскен.
Сейілхан Мараханов, шаруа:
Алдыңғы жылдары, былтырғы жылы болған жоқ сөздің ашығы, жерде қалды көкөністеріміз. Биыл енді Петропавлдан келді, Павлодармен договорға отырдық қырыққабатқа. 100 тонна, 150 тонна. Әр облыстар 200 тонна 250 тоннадан отырып жатыр. 30 пайыз ақшаларын аударды.
Қазірдің өзінде бірқатар аймақтар піскен қырыққабаттарды сатып алып жатыр. Жылда шығынға бататын ауыл еңбеккерлері үшін бұл тиімді болды дейді мамандар. Себебі, алушы тарап алдын ала ақшасын аударып қойған. Олар мұнымен шектелмей, күзгі өнімдерді де сатып алуға ұсыныс жасаған.
Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Олар күздік өнімдерімізге, тек қана қырыққабат емес, картоп өніміне, сәбіз онімін сатып аламыз деген ниеттерін білдіріп отыр. Ал енді бұдан кейінгі ашық алаңда дайын болатын қырыққабатымыз бар. Оның бағасын 80-90 теңге деп белгілеп отырмыз. Енді картоптың бағасын да келіссөздер жүргізіп жатыр картоптың бағасын белгілеуге.
Солтүстік өңірлер келесі жылы да көкөністерді тікелей диқаннан сатып алуды көздеп отыр. Осы бастан шаруалармен келісіп, келесі көктемде іске кірісуі үшін 30 пайыз ақшасын төлеп қоймақ.