Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру қажеттігін айтты.
— Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-Министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар (14,6 трлн теңге) болғанын және бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы екенін атап өтті.
— Аса маңызды мемлекеттік мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада — 31%, Ресейде — 35,4%, Қырғызстанда — 31%. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған, — деді Мемлекет басшысы.
Осы жағдай аса маңызды шешімдер қабылдауды талап етіп отыр.
– Бізге жаңа салық саясаты қажет. Ол астыртын қитұрқы әрекеттерге жол бермейтін, бизнеске де, Үкіметке де ашық, түсінікті саясат болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.