Тәуелсіздік – киелі ұғым. Елбасының осы тәуелсіздік ұғымының киелілігін халқына жеткізу мақсатында арнайы жазған «Тәуелсіздік тағылымы» деп аталатын мақаласы өскелең ұрпаққа келелі ой қозғатар арнауы десек қателеспейміз.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы аталмыш мақаласында қазақ елінің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне тоқталып, оның ішінде қоғамдық — саяси өзгерістерді ерекше атап өтті.
Осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік биліктің ауысқаны баршамызға белгілі. Сол кезде Елбасының көрегенді салихалы саясатын мойындаған халқы: «Ата заңымызда Президенттікке Сізге (Нұрсұлтан Әбішұлына) ешқандай шектеу жоқ. Соңғы сайлауда халықтың 98%-ына жуығының қолдауына ие болдыңыз. Қызметіңізді одан әрі халқыңызбен бірге атқара беріңіз», — деген болатын.
Бірақ, дара саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің көрегенді басшылығын ұстанып, әр нәрсе өз ретімен болуы керек деген шынайылығымен халқына: «Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік», — деп қуанышпен жеткізген еді.
Биыл 81 жасқа толған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың расында да, Тәуелсіз мемлекетіміздің еңселі ел болып қалыптасу жолында еңбегі ұшан – теңіз. Елі сүйген, елін сүйген Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің басшысы, биліктегі «Нұр Отан» партиясының жетекшісі қызметтерінде қалып, ұлылығым мен көрегенділігімді елімнің өркендуіне пайдаланайын дегені – оңды шешім екенін халық білді және қуана қолдады. Өйткені, Тұңғыш Президент, Елбасы саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына бар қырынан таныта білген бірден бір тұлғаның қасымызда жүргені қуанарлық еді.
Сондай — ақ, бұл мақалада Елбасы: «Тәуелсіздікті жариялау оғай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын. Мен, Қазақстан тәуелсіздігінің осындай биік деңгейде мойындалуын алдын-ала ойластырып қойған едім. Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады», — деп жазуы көреген басшының перзенттік, азаматтық парызының жетістігі деп білемін.
Мақала соңындағы көшбасшымыздың: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін. Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден күш-қуат алып, әрдайым алға баса берейік, ағайын!»- деген түйіні әрбір қазақстандықтың жадында сақтар басты кредосы болуы тиіс. Мен осы ізгілікті жадыма сақтай отырып, ел тәуелсіздігі мен Елбасын бөлек қарауға болмайтын егіз ұғым екенін түсіндім.
Рабиға ҚУАТБЕКОВА,
Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры, м.ғ.д., профессор,
Түркістан облыстық маслихатының депутаты, Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan»
партиясы фракция жетекшісінің орынбасары, «Nur Otan» партиясы ТОФ жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы