ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗА ТАРТҚАНДАР АҚТАЛУЫ ТИІС
Бүгін – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Саяси қуғын-сүргін миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді. Ал, Президент Жарлығымен өткен жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Шымкент қаласы бойынша қазір 27 ғалымнан тұратын жұмысшы топ зерттеу-зерделеу ісін жүргізуде. Қаладағы Педагогикалық университетте дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсары баяндалды.
Жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімі ел жадында жаңғырды. Бірақ, әкесі үшін қуғын көрген бала, баласы үшін бассауғалаған әкелердің санын дөп басып ешкім айта алмады. Өйткені, солақай саясаттың салдары әлі де толық зерттелмеген. Басқаны айтпағанда қасірет мекені КАРЛАГ пен АЛЖИР-де қамалып, жазықсыз жаза тартқан Оңтүстіктің әйелдері қаншама?
Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Президент Тоқаев Мемлекеттік комиссия құрды. Мақсат-қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру. Қалалық жұмысшы топ айналдырған екі айдың ішінде тарихи тың деректерге қанықты. Қоғамдық саяси архивтер мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарын ақтарды. Сарғайған сары парақтардағы сотталған тізімінде әскери тұтқындардың қарасы қалың. Қазір 538 іс бойынша зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Шаң басып мүлде ашылмаған құжат көп»,- дейді ғалымдар. Жергілікті комиссия осы күнге дейін не атқарды? Нендей мәселе бар? Жиында осы жайы талқы таразысына салынды. Ғалымдарды толғандыратын ортақ бір мәселе бар. Ол Түркістан мен Шымкентті бөліп жармай, бірлескен жұмысшы тобын құру. Бұл ұсынысты ішкі саясат басқармасының басшысы Мәди Манатбек те қолдап отыр.
Бүгінде 9 мыңға жуық азаматтың тізімі жасақталды. Тоталитарлық жүйенің қатігездігін татқандар толығымен ақталуы тиіс. Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңді ұлттық бірегейліктен бөле-жара қарау мүмкін емес. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз. Жиынға қатысқандардың ортақ пайымы осыған саяды.
Г. Қалмырзақызы