Балаларға базарлық
2021 жылғы 9 сәуір күні Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі «Балаларға базарлық» акциясын жалғастырды. Бұл жолғы игілікті қадам Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығы қарсаңында «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қолға алынып отыр. Қаладағы 4 ауданның 100 отбасы балаларына кітаптар мен жеміс-жидек себеті үлестірілді.
2020 жылы Шымкентте өткен республикалық «Кітап фестиваліне» келушілер кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін арнайы сандыққа ең құнды сыйлық – әдеби және танымдық кітаптар жинаған болатын. Ол сыйлық қаладағы 4 ауданда тұратын көпбалалы 100 отбасыға таратылған-ды.
Қайырымды істі жалғастыруға бұл жолы Шымкент қалалық Мәслихатының депутаттары, кәсіпкер, көпбалалы аналар демеушілік көрсетті. Олар: «Жомарт жүрек» республикалық және қалалық жоба жеңімпаздары, іске азаматтар Рәшкүл Оспанәлиева, Айжан Найымбекова және жас депутат, кәсіпкер, көп балалы ана Наргиза Керімбаева басқаратын «MOBIL plus» компаниясының басшылығы мен ерікті жастар және республикалық «Шұғыла кітап» баспа үйі. Балаларға базарлықты әр отбасына жеткізуге атсалысқан Жастар ресурстық орталығының қайырымды волонтері Жазира Асан бастаған жастар.
«Кітап оқуға құштар ұлт» жобасын сапалы іске асыру мақсатында және Балалар әдебиеті жылында қолға алынған бұл акцияның мақсаты – ұл-қыздарды кітап оқуға баулу, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Кітап сыйлаумен қатар, алдағы уақытта осы балаларды «Мен оқыған кітап» байқауларына қатысып, пікір алмасуға шақырамыз.