БЫЛТЫР ЖӨНДЕЛГЕН ШӘМШІ АЛЛЕЯСЫ ЖЫЛҒА ЖЕТПЕЙ БҮЛІНІП ЖАТЫР
Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы аллея жылға жетпей бүлініп жатыр. Әнші Аллеясына былтыр пандемия кезінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенде жұрттың наразы болғаны ел есінде. Еске салсақ, «Шәмші аллеясы» 2006 жылы салынған. Ал, 2011 жылы демеушілердің көмегімен гүлзардың орталық бөлігіне сахна, жаяу жүргіншілер алаңы, «жұлдыздар аллеясы» құрылған.
Соңғы жүргізілген анықтау жұмыстарының нәтижесіне орай, гүлзар ішіндегі жаяу жүргіншілер жолының 80 пайызынан астам плиталық төсеніштері жөндеуді қажет еткен. Сондай-ақ, сахна айналасындағы су бұрқақтың жабындары, темір бүріккіштері (коррозия салдарынан шірігені), жасыл желектерді суғару жүйелерінің жарамсыз болғандығы, демеушілер қаржысына салынған түнгі жарық шамдарының жер асты кабельдерінің үзіліп, талапқа сай күтіп ұстау жұмыстарын атқару мүмкін еместігі белгілі болған.
2019 жылы Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан «Шәмші әлемі» гүлзарын абаттандыру жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленіп, ұсынылған. Жоба құны 207,0 млн теңге. Күрделі жөндеу жұмыстарын бас мердігер — «Шымкент спец.комплекс» компаниясы жүргізген. Жоба бойынша плиталық төсеніштерді толықтай жаңарту, суғару жүйесін алмастыру (тік ұңғыма қазу), қосымша көркейту элементтерін орнату және өзге де жұмыстары атқарылды.
Нысан былтыр жыл соңына қарай қолданысқа берілген болатын. «Шәмші Аллеясына ақшаның жоқ кезінде жаңа аллеяны бұзып, қайта салды деген түсінік болмауы тиіс. Бұл қаржыны бөлудегі түпкі мақсат, жергілікті жерде жұмыс орындарын ашу», — деп, жоба жұмысын қызғыштай қорғаған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан аллеяның қазіргі ахуалынан хабардар ма екен? Рас. Бір қарағанда көзге оғаш көрінбейтін шығар. Бірақ, кей бұрыштарда плиталық жабынғы құдды жерге емес, толқынды судың бетіне төселгендей әсер қалдырады.
Төсеніштер тақтайдай тегіс емес. Кедір-бұдыр. Ал, биіктігі жиырма метрге жуық сахнадағы биік тұғырлардан сыры көшіп, сән кеткен. Тұғырдың қабырғалары сөгілуге жақын. Цилиндрлі бағанада жарықшақ пайда болған. /Суретте анық көрінеді/Сонда деймін-ау мердігер 207млн.теңгеге не істеді? Не тындырды?
Бұрын бұл аумаққа келгендер қызылды-жасылды кілемдей жайқалған раушан гүлдердің хош иісіне тамсанатын. Қазір гүлзарлардағы гүлдердің сыйқы мынау.
«Шәмші аллеясында» төсеніштер алмастырылды. Мейлі оған да көндік. Бірақ, жұлдыздар аллеясы мен қолданыстағы ескерткіштер өзгеріссіз қалады, делінген еді. Алайда, «тым болмаса, «жұлдыздар аллеясының» төменгі жағындағы плиталардың бүлінген жерлерін жамап-жасқап қойса болар еді ғой»,- деген ой келеді.
Қош. Қалаға кейін қосылған талай тұрғын алаб тұрғындары әлі сапасыз жолдарда тіпті, топырақ жолдарда отыр. Кей аудандарда «бізге мектеп керек» деп шырыл қаққан қарашаның уәжі жерде қалды. Сапасыз электр жарығы мен ауыз суды айтпай-ақ қоялық. Президент айтқандай, халық үніне құлақ асатын мемлекет дәрежесіне миллионды шаһар жұрты қашан жетер екен? ААА, ұмытып барады екем, айтпақшы, қала әкімі мәдениетті республикалық деңгейге көтеруге барын салып жүр ғой. Ештеңе етпес,Шәмші аллеясы биыл бір жыл шыдас беріп тұра тұрсын.Келер жылы тағы да жөндеп береді.
Г. Қапал