Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының тұрғындармен кездесуі Шілік ауыл округінде жалғасын тауып, кездесуде ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында аудан әкімі ауыл округіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау және абаттандыру бағыттарында жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті.
Бүгінде Шілік ауыл округіне қарасты Жаңа Шілік және Ескі Шілік елді мекендерінде жалпы 2661 тұрғын өмір сүруде. Ауыл округінде мектептер, балабақша, емхана, мәдениет үйі, спорт кешені және өзге де әлеуметтік нысандар халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.
Жұмыспен қамту бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында 33 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылып, қоғамдық жұмыстарға 27 адам тартылған. Сонымен қатар, «Бизнес бастау» жобасы арқылы қайтарымсыз грант алып, наубайхана ашқан кәсіпкер халыққа қызмет көрсетуде.
Ауыл шаруашылығы саласында 145 шаруа қожалығы жұмыс жасап, 1183 гектар суармалы жерге егіс егілген. Мал шаруашылығында да өсім байқалып, округте 3322 бас ірі қара, 25 200 уақ мал және 1185 түйе тіркелген.
Инфрақұрылым саласында Ескі Шілік елді мекенінде көшелерге асфальт және тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, ауыз су жүйелері жөндеуден өткен. Жаңа Шілікте ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, көшелер жарықтандырылып, жол қаіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстар бақылауға алынған.
Білім беру саласында М.Шаханов атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп, денсаулық сақтау саласында ауылдық емхана газ жүйесіне қосылған.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол, жарықтандыру, жер мәселесі, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Жиын соңында аудан басшысы ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.



