Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Ақтөбе ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның тиісті кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Кездесу барысында аудан әкімі ауыл округіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау және абаттандыру бағыттарында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Атап айтқанда, ауылдағы бірқатар көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Ақтөбе-Шілік автожолын күрделі жөндеу жұмыстары басталып, ауыз су жүйелері жаңартылған. Сонымен қатар, 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Білім беру саласында Қ.Мұңайтпасов атындағы жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өтіп, денсаулық сақтау саласында ауылдық емханаға газ жүйесі қосылып, қызметтік автокөлік берілген.
Кездесу барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары да кеңінен сөз болды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылғаны айтылды.
Жиында ауыл тұрғындары тарапынан көше жарығы, жол, абаттандыру және әлеуметтік мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Аудан басшысы ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, елді мекенді көркейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Кездесу соңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, қойылған сауалдарға заң аясында жауаптар берді.



