Кентау қаласы аумағына қарасты Хантағы ауылы маңындағы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында тұрғындар мен демалушыларға арналған кең көлемді түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғи аумақтардың экологиялық тазалығын сақтау, қорық аумағында тәртіпті күшейту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Түсіндіру жұмыстарына қала әкімі Жандос Тасов, қалалық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция қызметкерлері және қорық мамандары қатысты.
Кездесу барысында мамандар табиғатты қорғау ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қорық аумағында жүріп-тұру тәртібіне қатысты нақты талаптарды атап өтті. Атап айтқанда, белгіленбеген орындарға қоқыс тастамау, су айдындарында тек рұқсат етілген аймақтарда ғана демалу, балаларды қараусыз қалдырмау, сондай-ақ от жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар, жаз мезгілінде табиғи аумақтарда адам көп шоғырланатындықтан, дала өртінің алдын алу мәселесі ерекше назарға алынды. Мамандар кез келген қауіпсіздік талаптарын сақтамау үлкен экологиялық және материалдық шығынға әкелуі мүмкін екенін айтып, тұрғындарды жауапкершілікке шақырды.
Түсіндіру жұмыстары барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызы кеңінен түсіндіріліп, табиғатқа жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді. Жергілікті билік өкілдері мұндай шаралар тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.



