Түлкібас ауданы аумағында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараға аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің қызметкерлері, аудан әкімі аппаратының мамандары және Майлыкент ауылдық округінің тұрғындары мен қызметкерлері белсене қатысты.
Экологиялық акция барысында Т.Рысқұлов ауылы аумағындағы Арыс өзенінің бойы толықтай қоқыстан тазартылды. Т.Рысқұлов ауылы мен Дауан ауылының шекарасынан бастап, Азаттық ауылының шекарасына дейінгі 4,5 шақырымдық өзен арнасы ретке келтіріліп, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен белгіленген орындарға шығарылды. Сонымен қатар өзен жағалауындағы ағаш бұталары кесіліп, табиғи аумақтың санитарлық жағдайы жақсартылды.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – су арналарының тазалығын сақтау, экологиялық ахуалды жақсарту және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға қоғам назарын аудару. Бұл бағыттағы шаралар аудан аумағында тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Сенбілік барысында аудан әкімі Асқар Естібаев Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі су шаруашылығына қатысты бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды да аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, Жоғарғы Көкірек және Төменгі Көкірек каналдары бойына орнатылған 15 дана шлюздің жұмысы тексерілді. Бұл құрылғылар су деңгейін реттеуге, тасқын судың алдын алуға және егістік алқаптарға ағын суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Майлыкент ауылдық округі аумағында жалпы ұзындығы 43 шақырымды құрайтын арық-атыз жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартып, су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады.
Жалпы, Түлкібас ауданы аумағында экологиялық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жалпыаудандық сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетін болады.



