Арман Абдуллаев Сарыағаш ауданы аумағында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар өңірдегі әлеуметтік маңызы жоғары бағыттардың бірі болып саналады, себебі таза ауыз су – халық денсаулығы мен тұрмыс сапасының негізгі кепілі.
Осы ретте аудан әкімі Құркелес, Көктерек және Ақжар ауылдық округтерінде жүргізіліп жатқан ауыз су нысандарының құрылыс жұмыстарымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын саралады. Нысандарды аралау барысында құрылыс сапасы, мерзімдік жоспардың орындалуы және инженерлік инфрақұрылымның дайындық деңгейі жан-жақты қаралды.
Аудан басшысы жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды, барлық жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, пайдаланылатын материалдардың сапасына ерекше мән беру, техникалық талаптарды сақтау және тұрғындарға қолайсыздық туғызбау мәселелері де ескертілді.
Қазіргі таңда Құркелес және Көктерек ауылдық округтерінде магистральды ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын жоба аясында бүгінгі күнге дейін 11 шақырым ауыз су құбыры тартылған. Құрылыс жұмыстары Көктерек кенті мен Құркелес ауылдық округі аумағында жалғасуда. Жоба толық аяқталғаннан кейін аталған елді мекендер орталықтандырылған сапалы ауыз су жүйесіне қосылады.
Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде Дархан, Нұрлы жол, Еңкес, Құлтума, Таскескен, Тегісшіл, Мәдениет, Жылысу, Жаңаталап, Береке елді мекендері және Көктерек кентінің тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Қазіргі таңда елді мекендердің ішкі инженерлік жүйелері аяқталып, магистральды жүйені тарту және орталық жүйеге қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жобаның мердігері – FS Development Group ЖШС. Тапсырыс беруші – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Мамандардың айтуынша, бұл жоба толық іске асқан жағдайда аудан халқының елеулі бөлігі тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, аудан әкімі Ақжар ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады. Бұл нысан да аудан бойынша су инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі жобалардың бірі болып отыр.
Бүгінде аталған нысанда су қоймасын қоршау, диаметрі 110 мм және 160 мм болатын ауыз су құбырларын жүргізу, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары атқарылуда. Жоба аясында инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып, жүйенің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілуде.
Жалпы бүгінге дейін Ақжар елді мекенінде 30 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 150 дана су құдықшасы орнатылған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталған. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Ақжар елді мекеніндегі 7 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады.
Аталған жобаның мердігері – САҚ-ҚҰРЫЛЫС ЖШС. Аудан әкімдігі тарапынан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуы тұрақты бақылауда ұсталып отыр.
Арман Абдуллаев өңірде ауыз су инфрақұрылымын дамыту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жоба тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететіндіктен, сапа мен мерзім мәселесі бірінші орында тұруы тиіс.
– Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес, сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет. Бұл бағыттағы жобалар ауданның әлеуметтік дамуына тікелей ықпал етеді, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Жалпы, Сарыағаш ауданында ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету, инженерлік жүйелерді жаңарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.



