Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты «Текесу» тұрғын алабында көптен күткен маңызды жоба жүзеге асты – жаңа су құбырлары жүйесі пайдалануға берілді. Бұл бастама қала әкімдігі мен Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындар мәселесіне тікелей назар аударуының және жүйелі жұмысының нақты нәтижесі болып отыр.
«Текесуде» сапалы ауыз су тапшылығы ұзақ жылдар бойы шешілмей келген. Көптеген тұрғындар бұл мәселені түрлі кездесулерде көтеріп, тұрақты суға қолжетімділіктің жоқтығы тұрмыс сапасына және санитарлық жағдайға кері әсерін тигізіп отырғанын айтып келген. Әсіресе жаз айларында су тапшылығы айқын сезіліп, халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету мүмкін болмаған.
Қала әкімі тұрғындардың өтінішін назардан тыс қалдырмай, бұл мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Нәтижесінде арнайы жоба дайындалып, қысқа мерзім ішінде құрылыс жұмыстары басталды. Жоба аясында 14 шақырымнан астам заманауи инженерлік желілер тартылып, сорғы станциялары мен қажетті жабдықтар орнатылды. Су жүйесі орталық көздерге қосылған соң, 130 абонент таза, сапалы ауыз суға қосылды.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның толықтай демеушілердің қаражатына жүзеге асырылуы. Бұл мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы серіктестіктің тиімділігін айқын көрсетіп, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін паш етті. Демеушілердің қолдауы жобаны қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік берді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков демеушілерге, мердігер ұйымдарға және жобаға атсалысқан мамандарға ризашылығын білдіріп, бұл тек техникалық мәселені шешу ғана емес. Бұл жүздеген тұрғынның өмір сапасын арттырған әлеуметтік маңызды қадам. Енді «Текесу» тұрғындары тәулік бойы сапалы су пайдалана алады. Бұл олардың денсаулығына, тұрмысына және жалпы өмір сүру жағдайына тікелей оң әсер етеді, – деді.
Еңбекші ауданында соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Жолдар жөнделіп, жарықтандыру жүйесі жаңартылуда, жасыл аймақтар мен қоғамдық орындар абаттандырылуда. «Текесудегі» жаңа су жүйесі – осы кешенді жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Сапалы ауыз суға қол жеткізу тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аудан әкімдігі осы бағытта экологиялық акциялар, ақпараттық кездесулер және санитарлық түсіндіру жұмыстарын тұрақты өткізіп келеді.
«Текесуде» су жүйесінің іске қосылуы – тек бір елді мекеннің мәселесін шешу ғана емес, билік, бизнес және тұрғындардың ортақ мүдде жолында күш біріктіргенінің нақты дәлелі. Бұл жоба болашақта қала аумағындағы басқа да инфрақұрылымдық бастамаларға үлгі болары сөзсіз.



