Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастама – еліміздің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету, табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту мақсатында әзірленген кең ауқымды тұжырымдаманың маңызды бөлігі.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының басты идеясы – әрбір азаматтың өз қоршаған ортасын таза ұстауға белсенді атсалысуы және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл бағдарлама арқылы елімізде табиғатты қорғау мен экологиялық тәртіпті сақтау мәдениеті нығаяды, тұрғындар арасында жауапкершілік пен қамқорлық сезімі артады.
Еңбекші ауданында өткен сенбілік аясында Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы мен «Группа ИНТЕКО» мекемесінің мамандары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен еріктілер бірлесіп, Қаратөбе елді мекені, Жібек жолы және Бердіқожа батыр көшелерінде санитарлық-тазалық жұмыстарын атқарды.
Көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары мұқият сыпырылып, аялдамалар мен қоғамдық орындар жуылды. Арам шөптер орылып, қураған бұтақтар кесілді. Сонымен бірге көгалдандыру шаралары жүзеге асырылып, жаңа көшеттер отырғызылды, бұл ауданның көркі мен экологиялық ахуалын жақсартты.
Тұрмыстық қалдықтар мен жиналған күл-қоқыстар арнайы техникамен шығарылды. Мұндай бірлескен сенбілікке мекеме қызметкерлерімен қатар, жергілікті тұрғындар, жастар ұйымдары және қоғамдық белсенділер белсенді қатысты. Олар табиғатты қорғау – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.
Еңбекші ауданы әкімдігі тұрғындарды санитарлық тазалықты сақтау және қоршаған ортаға деген құрметті күнделікті өмір салтына айналдыруға шақырады. «Тазалық – ұлт мәдениетінің көрсеткіші, ал әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстау арқылы қала көркін арттыра алады», – дейді әкімдік өкілдері.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында мұндай сенбіліктер тек Еңбекші ауданында ғана емес, Шымкенттің барлық аудандарында кезең-кезеңімен жалғасып, қала экологиясын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүйесін құрайды. Бұл бастама тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, болашақ ұрпақ үшін таза әрі жайлы ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.



