Түркістан облысы, Шардара ауданындағы «Астана нан» наубайханасы 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мекеменің инвестициялық құны – 61 млн теңге. Оның 50 млн теңгесі өз қаражаты есебінен, 11 млн теңгені «Ырыс» МҚҰ арқылы жеңілдетілген несиеге алған.
Наубайхана тәулігіне 12 мың дана нан пісіруге қауқарлы. Мекеме басшысы Мұрат Маликов алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын айтады.
«Қазіргі таңда, елдімекендерге 5 бағыт бойынша нан таратып келеміз. Өнімімізге деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Бастапқыда 6 мың нан дайындасақ, қазір өнім көлемі 2 есеге артып отыр. Нанның 4 түрін дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта кондитерлік өнімдер өндіру жоспарлануда», – деді Мұрат Маликов.
Аталмыш мекемеде бүгінде 13 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жұмысшылардың орташа жалақысы 70 мың теңге.
Бауыржан НАЙМАНОВ.