М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі» тақырыбында арнайы кездесу өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Шара барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң бұзушылықтардың салдарын түсіндіру және олардың алдын алу жолдары талқыланды. Студенттерге құқықтық жауапкершілік туралы нақты ақпарат беріліп, құқық бұзушылықтың өмірге тигізетін зардаптары нақты мысалдармен көрсетілді.
Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдабаев жастар арасындағы қылмыстың 4,2%-ға артқанын атап өтті. Ол, әсіресе, синтетикалық есірткі саудасы және әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткеніне тоқталып, бұл үшін ауыр жазалар қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қалада 71 мобильді топ құрылып, 469 рейдтік шара ұйымдастырылғанын және 4800-ден астам түнде бей-берекет жүрген жасөспірімдердің анықталғанын айтты.
Кездесуге арнайы шақырылған бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлы жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айтты.
Бұл сияқты іс-шаралар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететіні сөзсіз.
Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Жасөспірімдердің қалыптасуына әсер ететін факторлар:
Отбасы. Отбасындағы қарым-қатынас жасөспірім үшін, оның тұлға ретінде қалыптасуы үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Қазіргі уақытта көптеген отбасыларда балаларды ата-аналардың бірі, көбінесе анасы тәрбиелейді, бұл жасөспірімдерді тиісті қадағалаудың болмауына әсер етеді, оған моральдық қолдау, қамқорлық, көңіл бөлінбейді-мұның бәрі тұлғаның қалыптасуына кері әсер етеді.
Мектеп. Мұғалімдермен қарым-қатынасы қиын жасөспірімдер көбінесе сыныпта оқшауланып, өздерін бөтен сезінетіндігімен, әдетте қиын жасөспірімдер нашар оқитындығымен күрделене түседі. Оқуы қиын жасөспірімдерді сынып ұжымында оқшаулау олардың құқық бұзушылық жолына түсуіне ықпал ететін басты себептердің бірі болып табылады.
Көше. Отбасында және мектепте қолдау мен көңіл бөлінбей өскен кәмелетке толмаған адам қарым-қатынас қажеттілігін қанағаттандыра алатын басқа ортаны іздейді. Жас-өспірім, әдетте, көшеде қарым-қатынастың жетіспеушілігін толтыруға тырысады. Егер мұнда ол «жаман» әсерге ұшыраса, онда оның қалыптасуы теріс болуы мүмкін. Әдетте, мұндай жасөспірімдердің тұрақты қызығушылықтары жоқ, спорттық және басқа үйірмелер мен секцияларға қатыспайды, мақсатсыз уақытты өткізуге мәжбүр болады.
Оң нәтиже тек отбасының, мектептің және сыртқы демалыс және әлеуметтік мекемелер мен ұйымдардың бірлескен және үйлесімді жұмысымен мүмкін болады.
Құқықбұзушылық – заңды жауапкершілікке алып келетін құқыққа қарсы әрекет. Бүгін қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елде құқықтық сауаттылықты арттыру қажеттігіне баса мән берген болатын. Әсіресе отбасында болатын зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қарау да күн тәртібіне қойған болатын.