Шымкент қаласындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған №8 «Қамқорлық» орталығы Қазақстандағы инклюзияны дамыту жолындағы бастамалардың бірі саналады. Мұнда күндізгі жартылай стационар жағдайда мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың өмір сүруін жақсартуға бағытталған бірқатар қызмет түрі қарастырылған.
Орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі аутизм спектрінің бұзылысы, сөйлеу қабілетінің кешігуі, ментальды бұзылысы, психоневрологиялық ауытқуы бар балаларды түзету-дамыту және оларды әлеуметтік-қоғамдық ортаға бейімдеу қызметі көрсетіледі.
Ерекше балалардың ата-аналарының өтініші негізінде жуырда орталықтағы сыйымдылық көлемі 70 орынға артты. Бұған дейін 116 бала қызмет алып келсе, қазіргі таңда 176 баланың дамуына мүмкіндік жасалып отыр. Бүгінде орталықта 63 әлеуметтік-педагог екі ауысымда 136 ерекше баланы қоғамға бейімдеуге тәрбиелеп жатыр.
Мекеме әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда заманауи тренажерлар, сенсорлық бөлмелер, және арнайы бағдарламалар қолданылады. Сонымен қатар, роекциялық интерактивті бөлме, сенсорлық бөлме, музыка-терапия, робототехника, лего, тігін шеберханасы, ағаш және қыш шеберханалары қарастырылған. Орталық мамандары балалардың дамуына қажетті жеке жоспар құрып, әр баланың ерекшелігін ескере отырып жұмыс істейді.
Арнайы кабинеттер баланың қозғалыс белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Психолог және логопед мамандар –сөйлеу қабілеті мен психо-эмоционалдық дамуын қолдау бойынша жұмыс істейді. Ал ерекше қажеттілікке бейімделген сабақтар –танымдық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, орталық тек балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да қолдау көрсетеді. Ата-аналарға арналған тренингтер, кеңестер тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Бұл шаралар отбасы мүшелерін ерекше қажеттілігі бар балаларды дұрыс тәрбиелеуге үйретеді.
Қоса кететін, 1-6 жас аралығындағы балаларға 1,5 АЕК көлеміндегі көмек есепті кезеңде 6900 отбасындағы 13 494 бала үшін төленіп жатыр. Көмектің бұл түрін алушы отбасы саны да кеміген. Яғни, 2023 жылы 9 782 отбасындағы 18 608 балаға аталған жәрдемақы төленсе, өткен жылмен салыстырғанда көмек алушылар саны 27,5%-ға төмендеген.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тағайындалады. Бүгінгі күні кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде немесе 2024 жылдың ІІI тоқсанына орта есеппен 34 662 теңге болып белгіленді. Осылайша, бір адамға (отбасына) келетін МАӘК-тің мөлшері жан басына шаққандағы орташа кіріс пен отбасының әр мүшесіне белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде есептеледі.
2024 жылы мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсету үшін бюджеттен – 11,5 млрд теңге (2023ж.- 8,2 млрд теңге) қарастырылып, биылғы 1 тамыз жағдайы бойынша 6,4 млрд теңге төленуде.
Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі іске қосылған. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электронды қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады.