Шымкентте қысқы маусымға 189 арнайы техника дайындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34-ке артық. 2023 жылы қар тазалау жұмыстарына 155 техника тартылған болатын. Сонымен қатар, орталық көшелерді тазалауға мердігер ұйымдардың 2000-ға жуық қызметкерлері атсалысады.
Қазіргі таңда мегаполисте жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральдық көше бар. Бұл көшелердің санитарлық және механикалық тазалығын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бес мердігер ұйым қамтамасыз етеді.
Алдағы қысқы маусымда Шымкенттің бес ауданында көшелерді қардан тазалау бірнеше ауысымда жүргізіледі. Мысалы, Абай ауданында тазалау жұмыстары сегіз бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 357,2 шақырымды құрайтын 80 магистральдық көшені тазалау үшін 37 арнайы техника жұмылдырылады.
Әл-Фараби ауданында тазалау жұмыстары бес бағытта жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 147,4 шақырым 109 магистральдық көшені тазалауға 39 арнайы техника тартылады. Сондай-ақ, Еңбекші ауданында қар тазалау бес бағыт бойынша жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 221,6 шақырымдық 83 магистральдық көшені тазарту үшін 38 арнайы техника тартылмақ.
Тұран ауданында жұмыс алты бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 203,3 шақырымдық 111 магистральдық көшені тазалауға 36 арнайы техника тарту жоспарланған. Ал Қаратау ауданында ұзындығы 181,1 шақырымды құрайтын 83 көшені тазалау бес бағытта жүргізіліп, 39 арнайы техника жұмылдырылады.
Сонымен қатар, қыс мезгілінде қарды шығару орындары аудан әкімдіктерімен келісіліп, арнайы бос жер телімдері белгіленеді. Жол мен тротуарлардың тайғақ болмауын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер инертті материалдардың қомақты қорын әзірледі. Атап айтқанда, шамамен 24 800 текше метр құм және 13 200 тонна тұз дайындалды. Биыл инертті материалдар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қосымша келісімшарт негізінде сатып алынды.
Қоса кететін, Шымкент қаласының 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына атқарылатын дайындық жұмыстарының іс-шара жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге дайындық барысы қазандықтар мен турбиналар бойынша:
«3-Энергоорталық» АҚ-ы (ЖЭО-3) қысқы маусымға дайындық жұмыстарына 1074,89 млн теңге қаржы қарастырылған, игерілгені 1032,65 млн теңге (96%), жұмыстар жалғасуда.
Қаланың 26 бөлек орналасқан жылу қазандықтардан дайындалғаны 24 және орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансалардан дайындалғаны 15, дайындық жұмыстары жалғасуда. Қаланың жалпы жылу желілерінің ұзындығы 838,6 км құрайды, оның тозығы жеткені 37%.
Бүгінгі күнге, барлық жылу желілеріне гидравликалық қысыммен тексеру жұмыстары толық жүргізіліп, 136 ақау анықталды, оның 126-ы ретке келтірілді, қалған ақаулар қазан айының 1-не дейін толық ретке келтірілетін болады.
Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында жергілікті және республикалық бюджеттен 4,0 млрд теңгеге келесі жұмыстарды атқару жоспарланған. Атап айтқанда, 2,4 млрд теңгеге 29,4 км жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мердігер мекеме «ТаразСтрой — 2004» ЖШС-і болып анықталып, жұмыстар жүргізілуде; Қазіргі таңда 25 км демонтаж жұмыстары жүргізілді, 14,5 км монтаж жұмыстары жүргізілді, жұмыстар жалғасуда. Көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердің дайындығы бойынша қала аумағындағы 2107 көпқабатты тұрғын үйлерден дайындалғаны 1806 үй (85,7%) және 463 бюджеттік мекемелерден дайындалғаны 463 мекеме (100%).
Жалпы қаланың 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы бақылауға алынған, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.