Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Fabe Polska» поляк компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында Шымкентте аумағы 150 гектарды құрайтын жоғары технологиялы жылыжай салу туралы меморандумға қол қойылды. Ауқымды жобаның жалпы құны 120 миллион АҚШ доллары. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіріп, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Өндірілген өнім жергілікті нарыққа және шетелге экспортталады. Қала әкімі инвесторларға мұндай жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтты. «Инвестициялық климатты қолайлы ету – қаланың дамуының маңызды бағыттарының бірі. Біз мұндай жобаларға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Себебі, бұл қаланың ғана емес, тұтас елдің дамуына оң ықпал етеді», — деді Ғ.Әбдімәжитұлы.
Аталған жобаның іске қосылуы тек қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып қана қоймай, жылыжай бизнесінің дамуына, жаңа технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша серпін беретінін атап өткен жөн.
Қоса кететін, ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылған қала тұрғындары – 6 689 адам. 2024 жылы ауыл шаруашылығы бойынша 86,0 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда, 8 айдың қорытындысына сәйкес, жалпы 66,0 мың тонна тонна өнім жиналды.
Атап айтқанда:
-дәнді дақылдар – 16,1 мың тонна (бидай – 15,5, арпа – 0,7);
майлы дақылдар – 2,3 мың тонна;
-мал азықтық – 17,8 мың тонна;
-көкөніс пен бақша – 26,4 мың тонна;
-картоп – 3,4 мың тонна.
-АӨК экспорты көлемі – $116,1 млн;
Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 2024 жылы 9 бағдарлама аясында 3,9 млрд тенге субсидия және кредиттік жобаларды несиелендіруге 4 500,0 млн теңге бөлініп, 9 айда 2,7 млрд теңге игерілді.
-Минералды тыңайтқыштарға – 44,1 млн теңге;
-Тұқым шаруашылығына – 6,5 млн теңге;
-Өнімділкті арттыруға-29,0 млн теңге;
-Пестицидтердің, биоагенттерге – 0,2 млн теңге;
-Басым дақылдарды субсидиялауға -299,3 млн теңге;
-Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялауға – 432,4 млн теңге;
-Сүтті қайта өңдеуге – 1501,5 млн теңге;
-Инвестициялық субсидия- 7,4 млн теңге;
-Сыйақы мөлшерлемесіне- 392,6 млн теңге.
Сонымен қатар, қала аумағында жалпы аумағы 1276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Аймақтарда 646 млрд теңге сомасына 430 жоба іске асырылып отыр. Бүгінгі таңға жалпы құны 225 млрд теңгені құрайтын 8,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу арқылы 293 жоба іске асырылды.
Аталған аймақтарда құрылыс материалдары, ауыр металлургия, шыны өндірісі, машина жасау, жиһаз өндірісі, фармацевтика және тоқыма өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асырылды. Оның ішінде ірі жобаларға тоқтала кететін болсақ:
2019 жылы «Тассай» индустриялық аймағында машина жасау саласында Орта Азияда баламасы жоқ жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын «Asia Trafo» ЖШС-ның трансформатор зауыты құрылды. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі кілем өндіретін зауыт «Бал Текстиль» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жобасын сәтті іске асырып келеді. Одан бөлек, «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «QazAlpack» зауыты – Орталық Азиядағы алюминий банкаларын өндіру бойынша бірегей жобаны іске асырған алғашқы компания.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі саласына жаңа инвесторлар тарту мақсатында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласындағы жобаларды іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялы аймағын қосымша 155 гектарға кеңейту, жеңіл өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға ұлғайту, ауыр металлургия саласындағы жобаларды іске асыруға «Темір» индустриялық аймағы (1076 га), логистикалық хаб құру мақсатында сауда-логистикалық орталығын қосымша 136 гектарға ұлғайту көзделіп, дайын өндірістік алаңдар құру мақсатында 118 гектар аумаққа «Стандарт» жеке индустриялық аймақтары құрылуда.
Аталған аймақтарда 11 мың жұмыс орнын құра отырып, тартылған инвестиция көлемі 759 млрд теңге болатын, 275 жоба іске асырылады.
Шымкент – еліміздегі жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған қалалардың бірі.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылуы жеңіл өнеркәсіптің дамуына және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, отандық мақтаның тұтыну үлесін арттыру мен қосылған құны жоғары дайын жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруға ықпал етті.
2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсібіндегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 171 бірлікті құрады, оның ішінде 2-уі – ірі, 8-і – орта және 161-і – шағын кәсіпорындар.
Жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарымен биылғы қаңтар-тамыз айларында 24,1 млрд теңгенің (2023 ж. 8 айы – 25,7 млрд теңге) өнімі шығарылып, өнеркәсіптік өндіріс индексі 84,0%-ды құрады. Саланы шикізатпен қамтамасыз ету бойынша шешімін таппаған мәселе жоқтың қасы. Алайда, бүгінде өнімдерді өткізу мәселесі өзекті болып отыр.
2024 жыл басынан бері саладағы бірқатар компания тұрақты тапсырыстардың болмауы, өнімдердің (иірілген жіптің) сатып алу бағасының төмен болуы, дайын өнімдерді өткізу нарығының тарылуы, шетелдік тапсырыс берушілердің сатып алынған тауарлар үшін жасайтын төлемдерінің кешіктірілуі (АҚШ долларындағы өзара есеп айырысу) сынды мәселе төңірегінде қиындықтарға тап бола бастады. Оған қоса, иірімжіп нарығындағы белгіленген баға өнімдерінің бәсекеге қабілетсіз және Өзбекстан тарапынан демпинг жасауы, компаниялар өндірісінің рентабельсіз болуына алып келді. Соның салдарынан, бүгінде «AZALA Cotton» ЖШС иірімжіп шығаратын фабрика өндірісі тоқтап тұрса, саланың өзге кәсіпорындарының жүктелуі төмен болуда. Осы мәселенің шешімі – бюджет қаражаты есебінен өткізілетін тендерлердегі жергілікті компаниялар үлесінің артуы болмақ.