Түркістанда “Фараб” кітапханасында «Түркістан – таулық тұғыры» атты Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтті. Кездесуге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар, сессияда Арыс қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Крокус Михаил мен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі Индира Раван-Нахчивани баяндама жасады.
«Өздеріңізге мәлім Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХII сессиясында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алда атқарылатын жұмыстарда бес негізгі басымдыққа мән беруді ұсынған болатын. Бұл басымдықтарды іске асыру үшін облыстық Ассамблея, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындары, зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдары бірлесе, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды іске асыруы тиіс. Осылайша өңірімізде жылдар бойы қалыптасқан этносаралық бірлік пен татулық үлгісін сақтау басты мақсатымыз болуы қажет деп білемін. Қазіргі таңда облысымызда Ассамблея жанындағы 11 этномәдени бірлестік, Ақсақалдар, Аналар, Медиация кеңестері елеулі мәселелерді талқылаудың, сындарлы шешімдер қабылдаудың әмбебап диалог алаңына айналған»,- деді Бейсен Дәулетұлы.
Осы орайда, облыстық Ассамблеяның қатысуымен этносаралық татулық, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау мақсатында түрлі 150-ден астам іс-шара өткізіліп, 15 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысқан. Сонымен қатар, бүгінде «Серпін», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Жас кәсіпкер», «Бизнес бастау», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары, жаңа бизнес-идеялар үшін гранттар беру, жеңілдетілген шағын несие үлестіру, колледждерге бөлінген гранттарға этнос өкілдерін тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Қоғамда этнос өкілдерінің этникалық шығу тегіне, діни ұстанымы мен әлеуметтік мәртебесіне орай оларды ешкім кемсітпеуі тиіс. Осы тұрғыда әрбір азамат өзі жасаған әрекетіне заңмен жауап беріп, оның құқықтық салдары қандай болатынын нақты түсінуі керек. Осы тұрғыда халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу, мемлекеттік органдардың жұмысына инновациялық әдістерді енгізу, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары және этномәдени бірлестіктерінің әсіресе жергілікті жерлерде әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Сонымен қатар, этнос өкілдерінің қазақ халқының маңына топтасып, қазақ ұлтының құрамдас бөлігіне айналуы барлығымыздың ортақ мақсатымыз болуы шарт. Бұдан бөлек, қоғамдық келісімді нығайту және ұлттық бірлікті қалыптастырудағы БАҚ өкілдерінің рөлін күшейту маңызды. Сондай-ақ, жаңа коммуникация мен масс-медианың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі ерекше екендігі мәлім. Ақпараттық кеңістікті ұтымды пайдалану арқылы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтіп, этностар арасындағы қазақ тіліне деген қызуғылышықты арттыруға қол жеткізуге болады деп есептейміз»,- деді Ғалым Нұрмағанбетұлы.
Бүгінгі таңда өңірімізде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізілуде. Облысымызда мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 95 пайызды құрайды. Ал, этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін меңгергендердің саны 74 пайызға жетті. Облыста қазіргі таңда 17 тілдерді оқыту орталығы жұмыс жүргізуде және аталған орталықтарда 1600-ге жуық облыс тұрғыны мемлекеттік тілді үйренуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі