ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Газетіміздің әрбір санында кандидаттармен сұхбаттасып, баянды бастамалары турасында кеңінен ақпарат беріп келеміз. Бұл жолы Шымкент қаласы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Жансерік Мұсаханұлымен сұхбаттасудың реті түсті. Сол сүбелі сұхбатты қалың оқырманның назарына ұсынып отырмыз.
— Жансерік Мұсаханұлы, біз сіздің еңбек жолыңызды жақсы білеміз. Сайрам аудандық мәслихатының депутаты, мәслихат хатшысы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты болып еңбек еттіңіз. Бұрындары бір ауданның мәселесін шешуге мұрындық болсаңыз, енді миллионнан аса халқы бар мегаполистің атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер болып отырсыз. Осыншама халықтың сенімін ақтап, алғысына ие болу оңай шаруа емес. Істің үдесінен шыға алатыныңызға сенімдісіз бе?
— Сұрағыңыз өте салмақты. Әрине, Шымкент сияқты ірі қаладағы әрбір тұрғынның сенімінен шығу үлкен жауапкершілік. Әйтсе де, өзіңіз айтып өткендей, мұндай жауапкершілігі жоғары міндет мен үшін таңсық емес. Бұған дейін халықтың арасында жүріп, өңірдің өзекті мәселелерімен бетпе-бет келдім. Мәселесі шешілмей, талай табалдырық тоздырып, ашу қысқан ағайынмен сөйлестім. Алдыңғы буын ағаларымызбен тілдестім. Қазыналы қарттарымыздың көкейіндегі түйткілдерін тыңдадым. Мәслихат депутаты болып тұрған шақта талай іс тындырдық. Оның әрбірін жіпке тізгендей етіп айта берсек, артықтау болар.Бастысы, көмек сұрап келген тұрғынның талап-тілегін назардан тыс қалдырған кезіміз болған емес. Дегенмен кей мәселелерді шешугемәслихат хатшыларының да шамасы келмейді. Себебі, өңірлік емес, республикалық деңгейде қарастыратын мәселелер бар. Міне, сол мәселелерді әбден зерттеп, шешу жолдарын ұсыну мақсатында Парламент Мәжілісін таңдауды дұрыс көрдім.Уақыт та бір орында тұрмайды. Адам кемеліне келіп, елдік мәселелерге араласатын кезең туады. Сол жастың келгені шығар, өзекті мәселелерді жоғарыға жеткізіп, шешілуіне атсалысуды соңына дейін жеткізуді көздеп отырмын. Жауапкершіліктен қашып, өзгеге ысыру — азаматтық ұстанымыма жат.
Бұрындары мыңдардың мәселесімен күрессем, енді миллиондардың көкейін тескен түйткілдерді шешуге атсалыссам деймін. Әрине, бабыммен қатар бағым шауып, Мәжіліс депутаты атанып жатсам, маған сенім артқан әлеуметтің мәселесін шешу үшін барымды саламын. Бұл –халқымның, болашақ ұрпақтың, еліміздің алдындағы негізгі борышым!
— Мәжілісте, өзіңіз айтқандай, миллиондардың өміріне әсер ететін бастамалар жайы талқыланады. Сан түрлі саланың мәселесі қозғалады. Міне, осындай жауапты сәттерде саланың қыр-сырына қанық болмағандықтан, бас изеп келісіп, қол көтеріп, қоштай кететіндер табылып жатады. Сіз де сол ат төбеліндей топтың арасына қосылып кетпейсіз бе?
— Елдік мәселелер талқыланып жатқанда үнсіз отыру – табиғатыма жат. Мен еліміздің халқы тығыз орналасқан өңірінде туып өстім. Осында балалық шағым өтті. Білім алдым, қызмет еттім. Қызмет ете жүріп те жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін жақын таныдым. Халық өз ортасынан шыққан адамды дұрыс танып, таңдау маған түссе, сонау Парламентке бас изеу үшін бармайтыным анық.
Қала берді, заңгер, экономика, бизнес, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша жоғары білімім бар. Кәсіпкерлік салада да тәжірибем бар. Бірнеше кәсіпорынды басқарып, жұмысын жолға қойдым. Мәслихат депутаты және хатшысы болып тұрған уақытта да сан түрлі саланың ішкі жұмысымен жіті таныстым. Көтерілген мәселенің шешу жолдарын қарастыру барысында мол тәжірибе жинадым. Сондықтан кез келген мәселені ашық талқылап, түйінін тарқатуға тәжірибем жетеді.
Бас изеп, қол көтеріп, заң жобаларын қабылдай заман өтті. Бүгінде халықтың көзі ашық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліске үлкен сенім артып отыр. Белгілі бір саланың дамуына, әлеуметтің әлеуетін арттыруға әсер етер бастамаларға бей-жай қарауға әсте болмайды. Шымкент жұртының сенімін арқалайтын болғандықтан техника мен технологияның дамыған заманында әрбір көтерген мәселем мен атқарған ісім бойынша халыққа есеп беріп отырамын.
— Енді сайлауалды бағдарламаңызға ойысайық. Қандай мәселелерді шешуді мақсат етіп отырсыз?
— Шымкенттің еліміздегі үшінші мегаполис екені баршаға аян. Сәйкесінше, миллион халқы бар қаланың мәселелері де аз емес. Сондықтан ең әуелі қала аумағына енген елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру маңызды.
Демографиялық өсімі жоғары мегаполисте жаңа мектеп, емханаларқұрылысын арттырудан бөлек, мамандарды тарту, еңбек төлемін арттыру мәселелері де өзекті. Сондықтан халықтың табысын арттыру мақсатында тұрғындар тығыз қоныстанған өңірлерге қаржы бөлуді, мемлекеттік қолдауды қайта қарауды назарға алып отырмын.
Тағы бір түйткілді түйін – жұмыссыз жастардың мәселесі. Жасыратын несі бар, бүгінде жастардың дені еңбек нарығына қажет мамандықты таңдамайды. Салдарынан жұмыссыздардың қатарын толықтыруда. Сондықтан өңірлерде ашылып жатқан индустриалды аймақтарға қажет мамандықтардың кең насихатталуын және Шымкент жастарын аталған мамандыққа тарту жұмыстарын жетілдіруді, тиімді ұйымдастырылуына ықпал етуді көздеп отырмын.
Түркиядағы жойқын зілзала аталған елдегі біраз былықтың бетін ашты. Апаттың айтып келмейтіні белгілі ғой. Сондықтан әсіресе, көпқабатты тұрғын үй құрылысы барысында сақтық шараларына баса назар аудару керек. Бұған да басым бағыттардың бірі ретінде қарап отырмын. Баспанаға жарымай жүрген жастардың көкейтесті мәселесін шешу үшін де жұмыс істеу ойда бар. Медицина сапасын арттыру, білім саласын бәсекеге қабілетті ету шаралары сайлауалды бағдарламама енгізілді. Сәйкесінше, аталған салалардағы қызмет сапасының артуына барымды салмақпын. Шымкенттегі тазалық мәселесін шешу бойынша да нақты жоспарларым бар.
Тағы бір өзекті мәселе – қымбатшылық. Мұнымен күресу үшін ауыл шаруашылығы дамуы тиіс. Халыққа қажет азық-түліктің бәрі елімізде шықса ғана бағаға бақылау орната аламыз. Шеттен келетін тауарға телміріп отыра берсек, қымбатшылықтың қысқаны қысқан. Сондықтан үшінші мегаполистегі ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беретін бастамаларды көтеріп, тиісті деңгейде көңіл бөлінуіне мұрындық болғым келеді. Әрине, өзге де жоспарлар жетерлік. Әйткенмен оның барлығын уақыт көрсетеді. Бабыммен қатар бағым жанып, Мәжіліске өтіп жастам, көптеген мәселенің оң шешілуіне ықпал етемін деген ойдамын. Мен халықпен біргемін! Сондықтан әр мәселенің шешімін бірге табамыз!
- Тұрғындармен жиі кездесіп жүрсіз. Әлеуметтің билікке, қала берді, сайлауға деген сенімі қандай?
- Ашығын айтсақ, әлеуметтің көңіл-күйі алабұртып тұр. Дегенмен бұрынғыдай күмәнді ойдың орнын «Үміткер кім?» деген қызығушылық пен сайлауға деген сенім басқан. Соңғы кездегі әлемде, елімізде болған жағдайлар талайды терең ойға батырғаны белгілі. Әйткенмен келер күннен тек жақсылық күтетін халықпыз ғой. Әрбір жиын сайын халқымыздың дархан пейілі мен аппақ көңілін айқын аңғарамын. Бірауыздан қолдап, сайлауға келіп, елдің ертеңі үшін таңдауын жасайтынын айтып жатыр. Ақ батасын беріп, аппақ тілегін жаудырған ата-апаларымызды көріп, шаршауды да ұмытасың. Олардың сенімі – мен үшін ең үлкен сый мен жауапкершілік!
- Сұхбат соңында оқырман қауымға айтарыңыз бар ма?
- Әрине, айтарым бар. Құрметті оқырман қауым, алдымызда үлкен саяси дода келе жатыр. Бұл бей-жай қарайтын нәрсе емес. Өздеріңізге белгілі, әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Уақыт ешкімді де аямайды. Бүгініміз тыныш, болашағымыз жарқын болғанын қаласақ, уақыт жоғалтпай, сайлауға бір кісідей атсалысып, белсене қатысқанымыз жөн.
Қазақ – талай зұлматты бастан өткерген халық. Бұған қарт тарих куә. Енді дана да дара халқымыздың келешегі жарқын болуы тиіс. Ал менің басты ұстанымым – еліміздің дамып, халқымыздың ертең емес бүгін бақытты күн кешкені. Бұл жолда жиған білімім мен тәжірибемді сарқа жұмсап, өмірімді халықтың қызметіне арнауға дайынмын! Маған сенім артып, дауыс берсеңіздер, сенімдеріңізді ақтауға барымды саламын! Күш бірлік пен ынтымақта! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, балаларымыз бақытты, келешегіміз жарқын болсын!
- Сүбелі сұхбатыңыз үшін алғысымды білдіремін! Саяси науқан – сайлауда сәттілік серігіңіз болсын!
- masa-ақпарат