«Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын”, – деді, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Астанада өткен инаугурацияда.
Осыған байланысты президент Үкіметке нақты тапсырма беретінін жеткізген болатын.
Бүгін ауданымызға Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Респуликасы парламенті мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы бастаған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы, жерлесіміз Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Дауылбаев Еркебұлан Әбілханұлы және аталған министрліктердің өкілдері мен Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Бекмағанбетов Досбол Боташұлы арнайы келіп, шаруа қожалық төрағаларымен кездесті.
Іс-шараға Мақтаарал және Жетісай ауданының шаруалары қатысты. Кездесу барысында аталған саладағы өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
Тарқатып айтсақ, ауданымыздағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің көптен бері көкейінде жүрген мақта саласын дамыту, аудан аумағында жүргізіліп жатқан ИДЖЖ-2 бойынша ұсыныстар, Аграрлы кредит корпорациясы тарапынан жеңілдетілген пайызбен берілетін несиелер бойынша және аудан аумағында жаңа кәсіпорындар ашу, ағын су, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, субсидия мен тыңайтқыш мәселесі айтылды.
Жауапты министрлік, комитет өкілдері және парламент депутаты шаруалар көтерген әрбір мәселе назарға алынып тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізіп, сауалдарына Заң талаптарына сай жауаптар берді.
Сонымен қатар, Құдайберген Төлепұлы бүгінгі таңда Парламент қабырғасында ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету бойынша қабылданғалы жатқан Заң жобаларымен таныстырды.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі