Төлеби – бірлігі мен ынтымағы жарасқан, қоғамдық саяси жағдайы тұрақты, табиғаты мен климаттық мүмкіндіктері туризм саласын дамытуға қолайлы аудан. Сондықтан болар, ауданның инвестициялық тартымдылығы жоғары. Аудандағы саяси жүйенің тұрақтылығы, инвестициялық климаттың мықтылығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы инвесторларды қызықтырып отыр. Бұған қоса, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы тартылған инвестиция көлемі мен ашылған жұмыс орнына қарай бағаланатынын айтты.
Аудан аумағындағы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 2022 жылдың 10 айында 14 млрд 624 млн теңгені құрады. Оның ішінде: меншікті қаражат инвестиция көлемі 8 млрд 750 млн. теңгеге жетіп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 млрд 128 млн. теңгеге артып отыр. (2021 ж. 8 айында 7 млрд 622 млн.тг).
Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова Диханкөл елді мекенінде құны 57 млн теңге болатын «Дихан Тау» саумалмен сауықтыру орталығын іске қосты. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдайды.
Көксәйек ауылдық округінде «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге балық шаруашылығы, тамақтану қызметі және сақ моншасы іске қосылды, 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық шаруашылығында 3 көл бар, онда карп пен форель балықтары өсірілуде.
Кемеқалған ауылдық округінде орналасқан «Алма-тау» тау курортында қосымша қонақ үй және спорт кешенінің құрылысы жүруде. Нысан құрылысы ағымдағы жылдың қараша айында аяқталып, пайдалауға беру жоспарлануда. Жобаның құны 2 млрд 650 млн теңге.
Сондай-ақ, тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» жобасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылға инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 050 млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде (жол салу, электр желілерін тарту).
Нәтижесінде, туризм саласына жылдың соңына дейін 3 млрд 757 млн теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ауданымыздың негізгі даму бағытының бірі туризм саласы болса, бұл бағытта бүгінгі таңда 76 нысан жұмыс жасауда. Олар: 1 шаңғы базасы; 4 емдік-сауықтыру орны; 71 демалыс аймағы; 64 саяжай. 2022 жылдың 10 айында 32172 демалушылар келіп, 586 млн теңгенің қызметі көрсетілді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі