Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жанданады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында осы мәселе талқыланды. Өңір басшысы балық шаруашылығын дамытып, өнімділік пен эскпорттық әлеуетті арттыру жөнінде тапсырма берді.
– Түркістан облысы бойынша әр жылға арналған балық өсіру көлемі жоспарын қайтадан қарап шығуды тапсырамын. Бұл бағытта жұмысты ширатып, балық өнімі көлемін арттыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Әсіресе экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық берген жөн. Жауапты басқармалар балық шаруашылығына инвестиция тарту, осы бағытта жұмыс істеймін дейтін өзіміздің кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді күшейтсін. Сіздер кәсіпкерлердің жағдайын түсініп, оларға қолайлы мүмкіндік ұсынуларыңыз керек. Екіншіден, балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеңіздер. Әр аудан, қалаға, кәсіпкерге индикатор бекітіліп, оның орындалуы қадағалануы тиіс. Егер су айдынын тиімді пайдаланбаса, басқа азаматтарға беру қажет, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға осы саланы дамыту бойынша тың ұсыныстар мен инвестициялық жобаларды әзірлеуді тапсырды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Ізтілеуовтің айтуынша, «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланса, 2022 жылға жоспар – 6,1 мың тонна. 10 айда орындалғаны – 5 мың тонна. Жоспар жыл соңына дейін толық орындалады деп күтіліп отыр.
Қазіргі таңда облыс аумағында 126 жергілікті маңызы бар су айдыны тіркелген, оның ішінде балық шаруашылығын жүргізуге жарамдысы 104 бірлік болса, 91 су айдыны балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген.
Балықты жасанды жолмен өсіру бойынша облыста 2020 жылы – 5,2 мың тонна, 2021 жылы – 5,7 мың тонна, 2022 жылдың 10 айда 5,1 мың тонна (жоспар 6,1 мың тонна) тауарлы балық өндіріліп, өсім 8,5 %-ды құрады. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
Бағдарламада облыс бойынша 2030 жылға дейін 53 тоғандық балық өндіретін шаруашылық құру, 11 шарбақтық шаруашылық, 4 сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығын құру және 71 көлде тауарлы балық өндіру шаруашылықтарын құру көзделген. 2023 жылы балық шаруашылығын субсидиялауға 500 млн. теңге жоспарланған. Қажеттілікке байланысты қаржы көлемін арттыру бойынша қосымша ұсыныстар енгізілмек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі