23 қараша Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Тастұмсық ауылдық кітапханасының бастамасы негізінде ауыл округтегі білім ошақтарындағы кітапханашылардың қолдауымен, «Ізгілік керуені» жобасы бастауын алды.
«Ізгілік керуені алға озып, кітапқа, руханиятқа ұмтыла түскен сайын қоғам жаңаша ойлай бастайды» деген
Әбіш Кекілбаевтың ойын бойтұмар ретінде алып, ауданымыздан шыққан жас қаламгер — Абылай Есімбаймен өз оқырмандарымызды қауыштырып, оқырмандарымыздың жаңа заман әдебиетіне деген көзқарасын қалыптастыруды мақсат еттік.
Алғашқы іс-шара — Аманкелді негізгі орта мектебінде «Менің қаламым — менің қадірім» атты бенефис кездесуімен басталды. Кездесуді Аманкелді негізгі орта мектебінің директоры — Досмухан Аманов ашып, кітапқа деген махаббатын жеткізіп, Абылай Есімбайдың қаламынан туған «Кедей қызы» кітабын сүйсіне оқып, мектеп ұжымы мен оқушылармен талдағанын жеткізді.
Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы — Топанбай Мейірхан бенефис кездесуді жүргізіп, жазушының болмысын барынша ашуға тырысты. Жазуға ебі бар, әдебиетке құштар мектеп оқушылары өз әсерлерімен бөлісіп, жас қаламгерге жүрек түкпіріндегі жазуға, әдебиетке, кітапқа қатысты сұрақтарын қоя білді.
Кездесуде сөз алған Тастұмсық ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы — Төлемісов Әбдікәрім:
— Ізгілік керуені — өз жерлес қаламгерімізбен таныстырып қана қоймады. Жастарға өнеге болар тәрбие бере білді. Бұл жоба бір сәтке де тоқтамауы қажет. Ауыл баласын мәдениетке балуда кітапхананың рөлі өте зор. Абылайхандай келешектегі дарындарды тәрбиелеуге бәріміз бір ниетпен еңбектене беруіміз қажет. Бүгінгі жиынға келген қонақтарға алғысымды білдіремін! -деп, өзінің ұстамды ойын білдірді.