Түркістан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Мәжілісті комиссия төрағасының орынбасары Динара Егамбердиева жүргізіп отырды. Комиссия отырысына облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, басқарма өкілдері және аудан, қала комиссия төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиында дәріханалық нашақорлық және синтетикалық есірткінің мектеп пен студент жастар арасында таралуы қаупі, әке институтын нығайту және отбасылық тәрбиеде әкенің рөлін арттыру жөніндегі шаралар туралы талқыланды. Синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіретіні жайлы айтылды.
Нашақорлық проблемасы әлемдік қоғамдастықта өзекті болып қалуда және оның салдары ретінде жастар мен жасөспірімдер арасында есірткіні пайдаланумен байланысты ахуал барлық елдер үкіметтерінің алаңдаушылығын арттырып отыр. Елімізде жыл басынан бері есірткіге қатысы 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық әрекет анықталған.
Жиында сондай-ақ, бүгінгі таңда отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру жолдары талқыланды. Әке институтын нығайту арқылы балалардың бойында патриоттық сезімді, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру жұмысын күшейтуге болады. Отбасының қалыптасуында, балаларды тәрбиелеу мен дамытуда, ерлердің мінез-құлқын қалыптастыруда әкелер үлкен рөл атқарады.
Жиналыс соңында жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бірқатар ұсыныс беріліп, орындалуы бақылауға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі