13-14 қазан күндері Қостанай облысы, Тобыл қаласында әзіл-сықақ театрлары арасында сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» ІІІ республикалық байқау-фестивалі өтті. Аталмыш байқауға Түркістан облысы, Келес ауданының «Күлкі терапиясы» әзіл-сықақ театры қатысып, жүлделі І орынға ие болды.
Байқау-фестивалінің мақсаты – Сейіт Кенжеахметовтың шығармашылық мұрасымен танысу, әзіл-сықақ театрларының орындаушылық шеберлігін шындау, еліміздің талантты өнерпаздарын анықтау, әзіл-сықақ театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру, жандандыру.
Қазақ әдебиетіндегі сатира жанрын дамытуға елеулі үлес қосқан айтулы сатира сардары, сықақшы, танымал фольклорист, этнограф, жазушы, Сейіт Кенжеахметов атындағы фестивальге ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек (қазылар алқасының төрағасы), ҚР Мәдениет қайраткері, театр және кино актері Асылбек Боранбай, ҚР Мәдениет қайраткері, «Екі езу» театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан қазылық етті.
Айта кетейік, байқау ережесіне сәйкес, театр ұжымы бірінші кезеңде Сейіт Кенжеахметовтың «Шындық қалай шықты» шығармасы қойылса, екінші кезеңде еркін тақырып бойынша Нұрлан Имановтың «Дәрігер» қойылымын сахналады. Аталмыш әзіл-сықақ театрының жетекшісі – Бақыт Тұрсынов.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі