Түркістан облысы Сайрам ауданында мемлекеттік мектепте оқитын балаларын жекеменшікке ауыстыруға қарсы шыққан ата-аналар жиналып, наразылық білдірді. Осы кезде телеграмм каналдардың бірінде жаңадан ашылған жекеменшік мектепте түсірілген жаппай орамал тағып отырған оқушылардың суреті тарады.
Сайрам ауданының тұрғыны Гүлмира Жолдасқызының мектеп жасындағы төрт баласы бар. Үшеуі – №11 мектепте, біреуі – №82 мектепте білім алады. Ол балаларын жекеменшік мектепке оқытуға кәсіпкерлердің үгіт-насихат жүргізіп жүргеніне наразы.
– Балаларымды қай мектепке бергім келеді, соған беремін. Жекеменшік мектептің мұғалімдері күнде үйге келеді. Бір қап ұн мен май берейік, мектеп алмастырсын деп балаларымның өмірін саудаға салып жүр. Балаларымды мемлекеттік мектепте оқытқым келеді. Жекеменшік мектептер қазір тегін дегенімен, кейін ақылыға өтпейтініне кім кепіл? – дейді ол.
Гүлмира Жолдасқызы сияқты балаларын жекеменшік мектепте оқытуға қарсы шыққан оннан аса ата-ана бүгін №82 мектептің алдына жиналып, қарсылық білдірді. Кеше ондаған ата-ана бұл мәселемен аудан әкімдігіне барған.
Зейнеткер Ханзада Абдуалиеваның пікірінше, жекеменшік деген сөз – кәсіпкер деген сөз. Қазір кәсіпкер мұғалім мен баланың басын сипағанымен, ертеңгі күні өз пайдасын ойлайды, өз дегенімен жүреді.
– Барлығы жекеменшік болса өкіметтің не керегі бар? Жаңа мектепті алты айда салып бітті. Қазір қабырғасы жарылып жатыр. Мына мемлекеттік мектептің спорт залы жоқ деген желеумен балаларымызды жекеменшікке өтуге мәжбүрлеп отыр, – дейді ол.
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова ата-аналардың қарсылығы мен талабынан хабардар.
– Мемлекеттік мекеме болсын, жекеменшік мекеме болсын баланың оқуына ақшасы үкімет бөледі. Жан басына шағып, қаржыландыру деген бар. Конституцияда орта білім беру тегін деп жазылған. Бұл ақшаға ұстаздардың жалақысы, балаға кететін шығындардың бәрі кіреді. Жекеменшік деген атауы болмаса мемлекеттік мектептен айырмашылығы жоқ. Барлық жерде бірдей, – деп сендіреді ол.
Садықованың айтуынша, Сайрамдағы №82 мектеп талапқа сай емес. Ғимараты кеңес заманында салынған кеңсе, 1980 жылы мектепке ыңғайластырылған. 120 балаға шақталған мектепке 380 оқушы білім алуда. Спорт зал, асхана, акт залы жоқ. Мемлекеттік стандартты орындамай отыр.
– Ешкімді мәжбүрлемейміз. Ата-ананың өтініші негізінде сыныбымен, мұғалімімен бірге алмастырылады. Кейіннен ақылы болмайды, жергілікті әкімдікпен кепілдендірілген, – дейді ол.
Адами әлеуетті дамыту бөлімі аудандағы мектептердің дерлік бәрінде бала саны көп екенін хабарлады. Биыл ауданда алты жекеменшік мектеп ашылған.
Сайрам ауданы әкімдігі деген телеграмда «жекеменшік мектептердегі ахуал» деген атпен суреттер тарады. Онда бір сыныпта оқушылардың орамал тағып отырғанын көруге болады. Бұл қай мектеп екені, оқушылардың неге бірыңғай мектеп формасы талаптарына сай киінбегені туралы ресми орындар түсініктеме бермеді.