Бүгін – қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған жазушылардың туған күні. 28 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туғанына 125, Шерхан Мұртазаға 90 жыл толды. Дәл осы күні Оралхан Бөкей де өмір есігін ашты.
Мұхтар Әуезов 1897 жылғы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген.
Ата-анасынан ерте айырылған Мұхтар ағайы Қасымбектің қолында тәрбиеленеді. Кейіннен Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде білім алған Мұхтар оқуын бес сыныптық орыс мектебінде жалғастырады. Онда Мұхтар соңғы сыныпта оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Жас шағынан үнемі үйрену, ізденісті мұрат еткен Мұхтар Әуезов өмірінің ақырына дейін осы салада қажымай еңбек етті. Батыс, Шығыс классиктері, қазақ халқының ұлы демократтарынан үлгі алды.
Ғылым-білімге талпынған Мұхтар Семей педагогикалық семинариясында оқып, оны 1919 жылы бітіріп шығады.
1917 жылы Мұхтар Әуезовтің алғаш рет «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылды. Жазушының шығармасына қойылған алғашқы сахналық көрсетілімді Абайдың немерелері мен пьеса авторының жақын туыстары тамашалады.
Мұхтар Омарханұлының баспа бетін көрген көркем шығармаларының тұңғышы «Қорғансыздың күні» Арғын деген құпия атпен 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған. Заманына қарай шебер жазылған, ескі өмірдің сұрықсыз бейнесін көрсеткен, озбырларды аластаған бұл әңгіме – қазақ прозасының өркендеуіне, қалыптасуына көмектескен жазушының сәтті қадамының айғағы болған шығарма. Мұхтар Арғын, Жаяусал, Қоңыр, Айғақ сынды лақап есімдермен 1921-1926 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Шолпан», «Сана», «Таң» журналдары, «Қазақ тілі» газеті беттерінде түрлі әңгімелер жариялады. Олардың ішінде: «Оқыған азамат», «Жас жүректер», «Заман еркесі», «Қанды түн», «Ескі індет» бар. Осы әңгімелерімен қатар «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» пьесалары да жарық көрді.
Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ленинград университетіне түсіп, 1928 жылы тәмамдап шығады. Білім жолын қуған Мұхтар 1928-30 жылдары Орта Азия университетінің шығыс факультеті жанындағы аспирантурада оқиды. Бұдан кейінгі жылдары Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ береді. Ғылымдық, педагогтық, қоғамдық жұмысын жазушылығымен қатар алып жүре білген ол – профессор, доктор, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі атағын алды. Совет Жазушылар одағы басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды.
«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Мұхтар Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсеткен. Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясына «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп Луи Арагон жоғары баға берген. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын дүние жүзіне танытқан үздік шығарма.
Шерхан Мұртаза – 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған.
1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963–1970 жж. «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.
1989–1992 жж. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990–2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (К.Смаиловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.
«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.
1968 жылдан бастап Алматы қаласына қоныс аударған.
Оралхан Бөкей – жазушы, драматург. 1969 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1965-1968 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын (Большенарым) ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар» газетінде) әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде (1988-1984), «Жұлдыз» журналында (1974-1983) бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары (1983-1991), 1991-1993 жж. осы газеттің бас редакторы болды.
Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырды. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы жазушы есімін көпке таныс етті.
Бірінші жинақтың ізімен басқа да еңбектері шықты: «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың қасқа құлыным» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.). Жазушының орыс тіліне аударылған әңгіме-повестерінің жинағы: «Жасынның ізі» – «След молний» (1978 ж.), «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы» (1981 ж.), «Сайтан көпір» – «Крик» (1984 ж.), «Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо» (1985 ж.), «Кісікиік» – «Человек – Олень» (1987 ж.).
Мұнымен қатар қаламгер туындылары неміс, словян, болгар, ағылшын, венгер, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылды. Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің хас шебері. Оның туындыларында форма жағынан ерекшелік басым.
1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.
Оралхан Бөкейдің Үндістанға барған шығармашылық іс-сапардан оралмағанын көпшілік біледі. Делиде, 1993 жылы 17 мамыр күні көз жұмды.