Қазір біз өте қызықты да, қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Тек Қазақстан емес, әлемдік деңгейдегі қазіргі саяси-қоғамдық, технологиялық құбылыстар осыған дәлел. Қазір ақпараттар ағыны емес, тасқыны, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін, керең мен соқырдың өзін баурап әкетіп жатыр.
Ақпаратты меңгерген әлемді басқарады деген жәй сөз болмай қалды.
Ал, сөзді кәсіби деңгейде жүгендейтіндер тек ЖУРНАЛИСТЕР!
Кәсіби, шынайы, қоғам алдындағы парызы мен қарызын анық білетін журналист мамандығына жол тар да, тайғақ.
БАҚ билік пен халық арасындағы алтын көпір дегеннің маңыздылығын да түсінетін, бағамдайтын уақыт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында БАҚ — төртінші билік деп шегелеп айтты. Жоғары деңгейде мұндай баға мен жауапкершілік алғаш рет айтылды.
Шыныменде, журналистің бір ауыз сөзі арқылы миллиондаған адамның тағдыры шешілуі мүмкін.
Ендеше, бүгінгі мен болашақ журналист қандай болу керек?
Менің ойымша, отандық та, шетелдік журналистика инновациялық жетістіктерді жақсы меңгерген , сараптамалық қабілеті мен білімі терең, азаматтық позициясы жоғары жастар деп ойлаймын. Ақпарат дәстүрлі медиамен бе, әлеуметтік желімен бе, әлде жақын болашақта пайда бола беретін жаңа технологиялармен бе, маңызды емес. Маңыздысы — ақпараттың сапасы мен жеткізілу жылдамдығы. Тек кәсіби деңгейі жоғары журналисттің еңбегі жасанды интеллект туындысынан ерекшеленіп, өз аудиториясының санасына, жүрегіне әсер ете алатын болады. Көшіріліп басылып таратылған ақпар емес, журналистің ой елегінен өткен, жан-жақты тексеріліп, қорытылған материал, шынайы ақпарат бағаланатын деген пікірдемін. Әрине, қазіргі технологиялық мүмкіндіктер ақпараттың шынайылылығын тексеруде қиындық тудырмасы анық.
Осы тұста кешегі қазақ журналистикасының титандарын алмастыратын журналистерді даярлау факторы алдымыздан шығады. Менің пікірімше, журналистер кәсіби дайындықтан өту керек. Дәрігерлер адам тәнінің сақшылары десек, журналистер адам жанының сақшысы. Жансыз тән қорқынышты, қауіпті. Сондықтан БАҚ-қа әркімнің әуес болуы түсінікті болғанымен, оған жолды айқара ашқанымыз — адамның жанымен ойнау деп білемін. Отандық журналистикада кәсіби жауапкершілік жоғары болған сайын, халықтың да сенімі күшейетіні заңдылық. Журналистиканы тек негативпен байланыстыру да азаяды. Ақиқатында, журналистика аса қауіп-қатерге жақын мамандық екені рас.
Сондықтан да журналист қай қоғамда, елде болмасын, батыл, әділдік жолындағы принципшіл, САУАТТЫ, біліктілігі жоғары адам ретінде қабылданады. Мен бір күндік рейтинг қуған ток-шоу жұлдыздары мен хайп пен лайк соңындағыларды айтпаймын. Өйткені, БАҚ-ты интеллектуалдық деңгейі төмен, қоғамды деградацияға апаратын, әжуа мен өсек деңгейіне түсіретіндер солар.
Халықтың мәдениетін көтеріп, рухани байытатын, қоғамды ізгілікке шақыру — БАҚ-тың түп мақсат-мұраты болуы керек. Тек сонда ғана отандық БАҚ-тың бағы жанады!
Сіздердің әр сөздеріңіз қоғам үшін маңызды. Сіздердің салмақты сөздеріңіз бен салиқалы пікірлеріңіздің арқасында халық билікке өз сөзін жеткізіп отыр.
Сіздерге шығармашылық шабыт, өткір тақырып пен өзекті мәселелерді қозғап, әр репортаждарыңыздағы әр сөз адамдарды жақсылық жасауға, қоғамды ізгіліктендіруге жетелесін! Отбасыларыңыз бен жақындарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
Отанымыздың өркендеуіне бәріміз бір кісідей қызмет етуге бұйырсын!