Ауыл шаруашылығындағы өнімділікті 2,5 есе арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу керек. Ескі әдіс-тәсілдермен жетістікке жету қиын. Сайрам ауданы тұрғындарыммен кездесуде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Өңір басшысы есеп беру кездесуінің алдында «Абдукахар» шаруа қожалығында болып, картоп, қияр алқабын аралап көрді. Егістік басында аудан кәсіпкерлері мен шаруаларымен, тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Одан кейін аудандық дендросаябақта Сайрам ауданы тұрғындарымен жүздесті. Еркін пікір алмасып, мұң-мұқтаждары мен сұрақтарына құлақ асты.
Облыс әкімі ҚР Президентінің бастамасымен елімізде аса маңызды саяси реформалар жүріп жатқанын, Ата Заңға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтетінін, сол саяси науқанда әрбір азамат белсенділік танытуы тиіс екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы наурыздағы Жолдауында 10 бағытта алдағы уақытта қандай реформалар болатынын айқындап берді. Суперпрезиденттік жүйе өзгертіліп, Парламент пен мәслихаттардың ықпалы күшейтіліп жатыр. Күні кеше Президентіміз еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, аса маңызды мәселелерге назар аударды. Кәсіпкерлерді қолдау, оларды қорғау шаралары күшейтілетін болды. Бізге де осы бағытта тапсырмалар берілді. Кәсіпкердің жұмысына кедергі жасағандардың ісі қатаң қадағаланады. Осы мәселе бойынша облыста құқық қорғау, салық және басқа да орган өкілдерімен кездесіп, тиісті жоспар жасаймыз. Жалпы Президенттің саяси реформаларын ел қолдап отыр. Өңірдің дамуына тоқталсақ, экономикалық жағдай тұрақты. Түркістан облысы құрылғалы бері барлық салада серпіліс бар. Инвестиция көлемі 2,5 есе өсті. Аймақта мұнай өңдеу зауыты, көмірден жанар-жағармай шығаратын зауыт, химия, фосфор өнеркәсібіне бағытталған өндіріс орындары ашылады. Ауыл шаруашылығында тамшылатып суғару, жаңбырлатып суғару, жылыжай ісіне басымдық беріліп жатыр. Осы бағытта семинарлар ұйымдастырылып, өңірде бір алқаптан жылына 2-3 өнім алатын кәсіпкерлер саны артты, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуде Ақсукент ауылының тұрғыны көпқабатты үйлердің кәріз жүйесін реттеуді сұраса, жергілікті депутат бірнеше мектепке күрделі жөндеу қажет екенін жеткізді. Облыс әкімі ауылдарда көпқабатты үй салу, оны кәріз жүйесімен қамту өте қымбат екенін айтты. Дегенмен Ақсукенттегі кәріз мәселесі назарға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Мектептерді күрделі жөндеуден өткізу бойынша тиісті басқармаға тапсырма берді. Тұрғындар Қарамұрт ауылына жақын тұстағы қоқыс полигоны ауылға зиянын тигізіп жатқанын айтса, Ақбұлақ тұрғыны мәдениет үйін салу мәселесін көтерді. Өмірзақ Естайұлы полигон бойынша тиісті басқармаға тапсырма берді. Ал ақбұлақтық тұрғынға мәдениет үйі салынатыны түсіндірілді.
– Мәдени және спорттық нысандар салуда инвесторлардың да әлеуетін пайдаланған жөн. Тойханалардың бағытын өзгертіп, арнайы кешенге айналдыруға болады. Аудандағы өзендердегі карьерлер мәселесін де қатаң бақылауға алдық. Заңсыз әрекеттерді тоқтату керек. Жалпы, осындай кездесулер біз үшін маңызды. Ауыл-аймақтың мәселелерін біліп, көп мағлұмат аламыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі «Парасат» пікірталас клубының жұмысын оң бағалап, алдағы уақытта арнайы қатысуға тырысатынын жеткізді. Сонымен бірге аудан әкімдігі тарапынан жақсы жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыту, ел бірлігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Одан кейін бір топ тұрғынды өтініштері бойынша жеке қабылдады. Тіркелген өтініштер мен сұрақтар хаттамаға енгізіліп, тиісті шешім қабылданады.
Сайрам ауданында 2021 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 38,1 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,2%-ға өсіп, 110,1 млрд. теңгені құрады. Биыл «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 300 гектар жерде 111 жоба іске асырылып, бірінші өнімді жинау күтілуде. Жаңадан 10 гектар жылыжай кешенін салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 13,8 млрд. теңгені немесе 109,7% құрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 елді мекенде 21 жоба іске асырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі